Аңшылардың назарына!

Аңшылардың назарына!

Солтүстiк Қазақстан облысы әкiмдiгiнiң табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы хабарлайды.

«Аң аулау қағидаларын бекiту туралы» Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрiнiң мiндетiн атқарушының 2015 жылғы 27 ақпандағы №18-03/157 бұйрығына аң аулауды жүргiзу мерзiмдерiне қатысты өзгерiстер енгiзiлдi.

Суда жүзетiн құстарды аулау мерзiмi ұлғайтылды: қазға, үйрекке (ҚР Қызыл кiтабына енгiзiлген түрлерден басқа) және қасқалдаққа, осы түрлерге аң аулаудың ашылуы тамыздың соңғы сенбiсiнен 30 қарашаға дейiн.

Сондай-ақ, шiлдi аулау мерзiмi қыркүйектiң бiрiншi сенбiсiнен 30 қарашаға дейiн өзгертiлдi.

Құрларға 15 қыркүйектен 30 қарашаға дейiн (қораздарын көктемгi аулауға 10 сәуiр мен 15 мамыр аралығында күнтiзбелiк 15 күннен артық емес рұқсат етiледi).

Борсыққа аң аулау мерзiмi қысқартылды, ендi Солтүстiк Қазақстан облысы кiретiн солтүстiк аймақта 1 қыркүйектен 15 қарашаға дейiн аң аулауға рұқсат етiлдi.

Жанат тәрiздi итке 1 қыркүйектен бастап жатқанға дейiн аң аулауға рұқсат етiледi.

Өзен құндызын аулау мерзiмi бiр айға, 15 қыркүйектен 30 қарашаға дейiн ұзартылды.

Бұдан басқа, сiбiр елiгi, марал және бұланды аулау мерзiмдерiндегi өзгерiстер бар. Бұл түрлердiң аталықтарына 15 шiлдеден бастап, ұрғашылары мен төлдерiне 15 қыркүйектен 31 желтоқсанға дейiн аң аулауға рұқсат етiледi.

Енгiзiлген өзгерiстермен толығырақ сiлтеме арқылы танысуға болады https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V2200028305.