Орманды пайдаланғаны үшін төлемақы төлеушілерге арналған жадынама

Орманды пайдаланғаны үшін төлемақы төлеушілерге арналған жадынама

Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде орман пайдаланудың мынадай түрлері үшін ақы алынады:

1) сүрек дайындау;

2) шайыр мен ағаш шырындарын дайындау;

3) қосалқы сүрек ресурстарын (ағаштар мен бұталардың қабықтарын, бұтақтарын, түбірлерін, тамырларын, жапырақтарын, бүршіктерін) дайындау;

4) жанама орман пайдалану (шөп шабу, мал жаю, марал шаруашылығы, аң шаруашылығы, ара ұялары мен омарталар орналастыру, бау-бақша шаруашылығы және өзге де ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру, дәрілік өсімдіктер мен техникалық шикізатты, жабайы өсетін жемістерді, жаңғақтарды, саңырауқұлақтарды, жидектерді және басқа да тамақ өнімдерін, мүк, орман төсемі мен түскен жапырақтарды, қамысты дайындау және жинау);

5) мемлекеттік орман қоры учаскелерін: мәдени-сауықтыру, рекреациялық, туристік және спорттық мақсаттар; аңшылық шаруашылығының мұқтаждары; ғылыми-зерттеу мақсаттары үшін пайдалану болып табылады.

Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде орман ресурстарын пайдалану тәртібі Қазақстан Республикасының орман заңнамасында белгіленеді.

Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде орман пайдалану құқығы Қазақстан Республикасының орман заңнамасында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде берілетін ағаш кесу билеті мен орман билеті (бұдан әрі - рұқсат беру құжаты) негізінде беріледі.

ҚР заңнамалық актісінде белгіленген тәртіппен орман пайдалану құқығын алған мемлекеттік орман иеленушілер, жеке және заңды тұлғалар төлемақы төлеушілер болып табылады.

Орман өсіру үшін нысаналы мақсаты ҚР Жер кодексіне сәйкес олардың меншігіндегі немесе ұзақ мерзімді жер пайдалануындағы жеке орман қоры учаскелерінде орман пайдалануды жүзеге асыратын жеке орман иеленушілер төлемақы төлеушілер болып табылмайды.

Түбірімен босатылатын сүрек үшін төлемақы ставкаларын қоспағанда, төлемақы ставкаларын Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті айқындаған тәртіпке сәйкес жасалған жергілікті атқарушы органдардың есептеулері негізінде облыстардың жергілікті өкілді органдары белгілейді.

Түбірімен босатылатын сүрек үшін төлемақы ставкалары тығыз бір текше метр үшін орман пайдалану құқығы туындайтын тиісті қаржы жылының бірінші күніне белгіленген АЕК мөлшері негізге алына отырып айқындалады.

Төлемақы сомасын мемлекеттік орман иеленушілер есептейді және рұқсат құжатында көрсетіледі.

Төлемақы сомасы орман пайдалану объектісінің орналасқан жері бойынша бюджетке келесі мерзімдерде төленеді:

1) ұзақ мерзімді орман пайдалану кезінде – тоқсан сайын есепті тоқсаннан кейінгі айдың 20-күнінен кешіктірмей жыл сайынғы орман пайдалану көлемінің жалпы сомасынан тең үлестермен;

2) қысқа мерзімді орман пайдалану кезінде – рұқсат құжаттарын алғанға дейін немесе алған күні жүргізіледі. Бұл ретте рұқсат беру құжатында төлем құжатының деректемелерін көрсете отырып, жүргізілген төлем туралы белгі жасалады;

3) түбірімен босатылатын сүрек үшін – тоқсан сайын, есепті тоқсаннан кейінгі айдың 15-күнінен кешіктірмей, жазып берілген ағаш кесу билеттері бойынша төлемақының жылдық сомасынан тең үлестермен.

 2022 жылға Солтүстік Қазақстан облысының орман мекемелері бойынша орманды пайдаланғаны үшін (түбірімен босатылатын сүрек үшін) күтілетін төлем түсімі 367 млн теңгені құрайды.

Орман шаруашылығы және ЕҚТА
бөлімінің маманы
С. Е. Сүлейменова