Облыстың су қоймаларында оттегiмен байыту жұмыстары жүргiзiлiп жатыр. Аэрация деп аталатын бұл шара әдетте қаңтар айының ортасынан басталады. Табиғат жанашырлары осылайша өзен-көлдерде мекен ететiн балықтарды қырылып қалудан сақтайды.
Бұл Қызылжар ауданы Виноградовка ауылындағы Сивково көлi. Оның аумағы 178 гектарды құрайды. Ал тереңдiгi шамамен 1,8-1,9 метр.Мұнда негiзiнен мөңке балығы мекендейдi. Осы жылы көлдiң бетiне шамамен 70-80 см. мұз қатқан.
МИХАИЛ НИКИТИН, ТАБИҒИ РЕСУРСТАР ЖӘНЕ ТАБИҒАТТЫ ПАЙДАЛАНУДЫ РЕТТЕУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛIМ БАСШЫСЫ:
— Облыста 500-ге жуық су қоймасы бар. Соның 302-сi жалға алынған. Ал қалған 199-ы иесiз. Бiздер осындай жалға берiлмеген су қоймаларында жұмыс iстеймiз. Қазiргi уақытта, өңiрдегi 31 көлде аэрация жүргiзiлiп жатыр.
Көлдi оттегiмен байытуға 2 мотопомпа және 4 бұрғы қолданылған. Бұл жерде 14 адам еңбектенiп жатыр.
СЕРГЕЙ БРЮХОВ, СОКОЛОВ ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ МАМАНЫ:
— Сивково көлiн оттегiмен байыту үшiн мыңға жуық ойық жасауды жоспарлап отырмыз. Кейiн ойықтарға сабан немесе қамыс тығылады. Сол арқылы суға оттегi өтедi.
Айта кетсек, биыл қыста өңiрдегi өзен-көлдерде балықтардың тұншығып,судың бетiне шығу және қырылып қалу жағдайлары тiркелмеген. Аэрация — осы жылдың ақпан, наурыз айларына дейiн жалғасады.