Жабайы жануарларды азықтандыру

Жабайы жануарларды азықтандыру

Қыстың келуiмен «Аққайың орман шаруашылығы» КММ биотехникалық iс-шаралар өткiзедi, атап айтқанда мемлекеттiк орман қорында жануарларды азықтандыруды жүзеге асырады.

Жабайы жануарларды қоректендiру — қарлы және аязды қыста жануарлардың өмiр сүруiн қолдау үшiн жасалынады. Жабайы жануарлар мен құстар адамдарға, орманды алқаптардағы олардың iздерiне, үйлер мен құрылыстарға аса сақтықпен қарайды. Одан қалды, жануарлар азықты таңдау кезiнде де аса талғампаздық танытады.

Маусым мен жергiлiктi жағдайларға байланысты жабайы жануарлардың қылықтары да үнемi өзгерiп отырады. Орман шаруашылығының қызметкерi осы ерекшелiктердi жақсы бiлiп, салған азықтары құр қалмауы үшiн тырысып бағады. Жалпы жануарлардың дайындалған азықпен қоректенуiн қамтамасыз ету үшiн орманшылар азық салар орынды мұқият таңдап, алдын ала жануарлардың жиi қоректенетiн жерлерiн анықтайды. Содан кейiн оларды бiрте-бiрте сол азыққа үйретiп, үнемi қоректенетiн орындарға өзiндiк азықтық жолдар салады. Бұл шаралар алдын ала жоспарланып, жануарлар азығы жазғы уақытта дайындалады.

«Аққайың орман шаруашылығы» КММ аңшысы
Добранский С.А.