Жаңа жылды шыршасыз елестету қиын. Мереке көркi — тiкенектi жасыл желек қазiр облыс орталығының әр ауданында сатылып жатыр. Бiрақ, алып-сатарлар өз кәсiптерiн қаншалықты заңды жолмен жүргiзуде? Осы орайда полицейлер рейд шараларын өткiзуде.
Тексеру барысында ешқандай заңбұзушылық анықталған жоқ.
Дмитрий Штребель:
– Шыршаларды Ресейдiң Барнауыл қаласынан алдырттым. Барлығы — 800 түп. Арнайы тексерiстiң жүргiзiлгенi, әрине, дұрыс. Себебi, бiз сияқты кәсiбiн заңды жолмен дөңгелетiп отырған азаматтар шырша алдыру үшiн ақша төлеп, тиiстi құжаттарын рәсiмдейдi. Одан қала бердi, сауда жасап тұрған орнымызға да ақша төлеймiз.
Жалпы, желтоқсанның 17-сiнен бастап облыста 40-тан астам рейд өткiзiлдi. Нәтижесiнде тәртiп сақшылары заңсыз шырша сатқан 3 кәсiпкердi әкiмшiлiк жауапкершiлiкке тартып, оларға ескерту жасаған.
Әлiшер Жармағамбетов, СҚО ПД ЖПҚБ табиғатты қорғау полициясы тобының инспекторы,
– Сатушының қолында фитосанитариялық анықтама, сауда жасап тұрған орын иесiмен толтырылған келiсiм және ағаштардың қайдан әкелiнгендiгiн растайтын анықтама қағазы болуы керек. Тексерiс барлық сату орындарын қамтиды. Яғни, шырша саудасымен айналысатын барлық сауда нүктелерi тексерiледi.
Полиция қызметкерлерi мұндай рейдтiк шараларды ай соңына дейiн жиi ұйымдастырып тұрмақ.