Ормандылықты ұлғайту және табиғи ресурстарды сақтау жөнiндегi ұзақ мерзiмдi жоспарлар

Ормандылықты ұлғайту және табиғи ресурстарды сақтау жөнiндегi ұзақ мерзiмдi жоспарлар

Қазақстан Республикасы орман қоры жерiнiң жалпы ауданы 30 млн. гектардан кем және ел аумағының 11% алып жатқан ормансыз мемлекеттерге жатады. Орманмен қамтылған жерлер 13 млн. га алып жатыр, елдiң ормандылығы 4,8% тең.

Ормандылықты ұлғайту үшiн орман екпелерi алаңдарын кеңейте отырып, ормандарды молықтыру мен орман өсiру жөнiнде түбегейлi шаралар қабылдау және республикалық көрсеткiштi 2030 жылға дейiн 5% дейiн ұлғайту қажет.

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 01.09. Қазақстан халқына Жолдауында негiзгi мiндеттердiң бiрi қоршаған ортаны қорғау және экологиялық даму болып белгiлендi.

Мемлекет басшысы Жолдауында республика аумағында ауқымды көгалдандыру жарияланғанын, бес жыл iшiнде мемлекеттiк орман қоры жерлерiнде 2 миллиард ағаш және елдi мекендер аумағында 15 миллион ағаш отырғызу мiндетi қойылғанын атап өттi.

Солтүстiк Қазақстан облысы әкiмдiгiнiң табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы (бұдан әрi — Басқарма) бес жылдық кезеңге (2021-2025 жылдар) отырғызу жұмыстарының көлемi 20 мың гектарға дейiн ұлғайтылды, орман қорында отырғызылған ағаштардың саны 100 миллион дананы құрайды.

Облыс бойынша 2021-2025 жылдарға арналған елдi мекендердi көгалдандыру және жасыл аймақтар құру жоспары әзiрлендi, ол бойынша саны 503 мың дана ағаш-бұта тұқымдарын отырғызу жоспарланған, оның iшiнде 2021 жылы — 100 мың дана.

Ағымдағы жылы мемлекеттiк орман иеленушiлер бойынша 850 гектар көлемiнде орман дақылдарын отырғызу жоспары белгiлендi және отырғызылған отырғызу материалдарының саны 3 380 мың дананы құрайды.

Ағымдағы жылдың көктемгi кезеңiнде жоспарланған 445 гектар көлемiнде ағаш отырғызу жұмыстарының көлемi 561,9 гектар алаңда немесе 126,3% орындалды, 2 592 мыңнан астам көшет отырғызылды.

Күзгi кезеңде ағаш отырғызу жұмыстары жалғасатын болады.

24 сәуiрде облыс бойынша елдi мекендердi көгалдандыру бойынша «Таза табиғат» республикалық экологиялық акциясы өткiзiлдi, өңiр бойынша акцияға 3187 адам қатысты, 6900 ағаш отырғызылды.

20 мамырда қалалық ормандарда «Мещан орманын» тұрмыстық қоқыстардан тазарту бойынша «Таза орман» экологиялық акциясы өткiзiлдi. Экологиялық акцияға жалпы саны 129 адам болатын 7 оқу орнының студенттерi қатысты.

Басқарма өскелең ұрпақтың экологиялық жауапкершiлiгi мен мәдениетiн қалыптастыруға ерекше көңiл бөледi.

Облыстың 12 орман мекемесiнде мектеп орманшылықтары құрылды, онда экологиялық бiлiм берудi қамтамасыз ету бойынша белсендi жұмыс жүргiзiлуде.

Ел Президентiнiң экологиялық жағдайды жақсарту және орманды жерлердi ұлғайту жөнiндегi бастамасын iске асыру қабылданған жоспарларға сәйкес мерзiмде және көлемде орындалады.

Экологиялық проблемалар бүкiл қоғамға қатысты және оларды бiрлесiп шешуге болады және әркiм ортақ iске өз үлесiн қосуы керек.

Орман шаруашылығы және
ЕҚТА бөлiмiнiң маманы
С. Сүлейменова