«Красный бор» қорығында 5 мыңға жуық аң бар

«Красный бор» қорығында 5 мыңға жуық аң бар

— Солтүстiк Қазақстан облысын бұғының екi түрi яғни елiк пен марал мекендейдi. Бұл жануарларға ерекше күтiм қажет. Сол себептi, «Красный бор» мемлекеттiк мекемесiнiң мамандары яғни қорықшылар бұл жануарларды күнiне екi рет түрлi азықпен қоректендiрiп отырады.

«Красный бор» қорығы 60 гектар алқапты алып жатыр. Мұнда бүгiнгi күнi 3 мыңға жуық елiк, 1,5 мыңнан аса марал және 300-ден астам қабан мекен етедi. Бұл жануарлар қыста ағаш, бұта жапырағы, қабық, мүкпен қоректенедi. Жаз, күз және көктем мезгiлiнде тағы жануарлар азықты өздерi тапса, қыстың күндерi бүл үлкен қиындық тудырады. Сол себептi, қорықшылар трактормен арнайы жолақшаларды аршып бередi.

НИКОЛАЙ ГУСЕЛЬНИКОВ, ЖАНУАРЛАР ДҮНИЕСIН ҚОРҒАУ ЖӘНЕ ӨСIМIН МОЛАЙТУ ЖӨНIНДЕГI «КРАСНЫЙ БОР» ММ ДИРЕКТОРЫ:

— Биыл жануарларымызды қыстан аман алып шығу үшiн 250 тонна шөп, 8 мың сыпырғыш дайындап, 59 тонна арпа сатып алынды. Сонымен қатар, бұғыларға азық iздеуге ыңғайлы болу үшiн жолақшаларды қардан тазалаймыз. Өткен жылы орман iшiнде қорықшылардың еш қиындықсыз жүруi үшiн қарда жүруге бейiмделген арнайы 3 көлiк сатып алынды.

​Мемлекеттiк мекемеде 6 бiлiктi қорықшы жұмыс iстейдi. Алайда, Николай Гусельниковтың сөзiнше жалақы тым аз. Сол себептi, жабайы жануарларға күтiм жасауға жастар келе бермейдi. Қазiргi күнi «Красный бор» аумағында азықтандыратын 5 арнайы орын жасалған. Мамандар оларға күнiне екi рет жем-шөп берумен қатар, арнайы алаңдар әзiрлеп оған тұз бен бор, сабан тасиды. Бұл жануарлардың қырылып қалмауы, тұяқтарына зиян келмеуi үшiн жасалатын iс-әрекет.

ЕРЛАН ТӘШIМОВ, СҚО ТАБИҒИ РЕСУРСТАР ЖӘНЕ ТАБИҒАТТЫ ПАЙДАЛАНУДЫ РЕТТЕУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛIМ ЖЕТЕКШIСI:

— Көктем кезiнде бiздiң мамандар арнайы алаңдар дайындайды. Ол жерге жемсалғыштар қойылады. Жаз мезгiлiнде бiз облыс бойынша аңдарға азыққа сыпырғыштардың 35 мыңнан аса данасын, шөптiң 260 мың тоннасын әзiрлеймiз. Күз мезгiлiнде 60 мың тоннадан аса жемазық сатып алдық.

Мамандардың сөзiнше бiр жануарға күнiне 600 граммдай азық қажет. Мұнымен қоса жақын маңда орналасқан шаруа қожалықтары да көмек ретiнде рапс, зығыр әкелiп бередi. Жануарлар әлемiн сақтап қалу үшiн барлық жағдай жасалып жатыр. Бiрақ қорықшылардың сөзiнше елiк-маралды заңсыз ату әлi күнге дейiн тоқтамай отыр. Мәселен, өткен жылы 60 әкiмшiлiк материал тiркелген. Соның iшiнде, аң аулау ережелерiн өрескел бұзғандар да бар.

petropavltv.kz