Ормандарға 24 стационарлық бекет қойылды

Ормандарға 24 стационарлық бекет қойылды

Желтоқсанның 1-нен бастап облыс орманшылары күшейтiлген жұмыс режимiне көштi. Жаңа жыл қарсаңында мейрамның басты нышаны — шыршаға сұраныс артады. Ағашты заңсыз кесу фактiлерiнiң алдын алу мақсатында өңiр ормандарында 24 стационарлық бекет қойылды. Тақырыпты тiлшiмiз тарқатады.

«Қызылжар» орман шаруашылығының аумағы 68 мың гектарды алып жатыр. Жасыл желектi күтiп-қорғау орманшылардың мойнына жүктеледi.

Әсiресе, жаңа жыл мейрамы қарсаңында орманшылардың жұмысы қызады. Орман көркi — шыршаларды күзетпесе болмайды. Оңай олжаға кенелгiсi келетiндер мереке алдындағы сұранысты пайдаланып, ағашты кесуi мүмкiн. Алайда, соңғы жылдары шыршаны заңсыз кесудiң бiр де бiр дерегi тiркелмеген.

ГЕННАДИЙ БЕГИШЕВ, ОРМАНШЫ:

— Теплов орман шаруашылығында 18 мың гектар жердi ағаш алып жатыр. Оның 2 жарым мыңы қарағай, шыршалар. Қыстың алғашқы күнiнен бастап, әр орман маңына стационарлық пунктер қойылған. Желтоқсан айында 3 мобильдi бригада жұмыс iстейдi.

Облыстың 438 мың гектар жерiн орман алқаптары алып жатыр. Оның 17 мыңнан астамы қылқан жапырақтылар. Ол шамамен орман қорының 3 процентiн құрайды.

ҚАЙРОЛЛА БАЙТЕҢIЗОВ, ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫ БӨЛIМIНIҢ БАС МАМАНЫ:

— Облыста орман шаруашылығымен айналысатын табиғат пайдаланушылары ормандағы мiндеттi кесу жұмыстары барысында 142 шыршаны беруге мүмкiндiктерi бар. Бұған қоса, «Кондратов тәлiм бағы» серiктестiгi өңiр бойынша 1 мың шыршаны сатады. Жалпы, қылқан жапырақтарды сақтап-қорғау үшiн 24 стационарлық бекет желтоқсанның 1-нен бастап қойылды. 101 мобильдi бригада жұмыс iстейдi.

Айта кеткен жөн, ағашты заңсыз кескендерге әкiмшiлiк жаза бар. Айыппұл — 20-дан 200 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде. 

petropavltv.kz