Құрметтi демалысқа шығуыңызбен құттықтаймыз!

Құрметтi демалысқа шығуыңызбен құттықтаймыз!

2020 жылдың 27 қазанында СҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Анатолий Федорович Усольцев және «Булаев орман шаруашылығы» КММ ұжымы директордың орынбасары Жұманғали Кеңесұлы Балпановты туған күнiмен және құрметтi зейнетке шығуымен құттықтады.

— «Елiмiздiң «жасыл алқаптарын» күзету, орманды қалпына келтiру мен молықтыру бойынша үлкен жұмыстарды жүзеге асыру арқылы орман қызметкерлерi болашақ ұрпақ үшiн табиғаттың сұлулығы мен байлығын сақтауда. Орманшылардың қолымен мыңдаған гектар орман оттан қорғалды, тiлсiз жаудың елдi мекендерге таралу қаупiн уақытында жойды. Осындай айтулы күнi мен бар саналы өмiрiн орман шаруашылығына арнап, көп жылдар бойы адал қызмет атқарып, аянбай еңбек еткен Жұманғали Кеңесұлына алғысымды айтып, ризашылығымды бiлдiремiн», — дедi Анатолий Усольцев ауданның орман шаруашылығының қызметкерлерiне қарата.

1957 жылы 27 қазанда Қоскөл ауылында дүниеге келген Жұманғали Балпанов Лесхоздың 8-жылдық мектебiнде оқып, ал жоғарғы сыныптарды Успенка орта мектебiнде бiтiрген. Еңбек жолын 1975 жылы Уваково селосындағы орман шаруашылығындағы ағаш цехында қарапайым жұмысшы болып бастаған. Бiр жылдан соң, айналым орманшысы болып тағайындалып, Бурабай орман техникумына оқуға түседi. 1977-1979 жылдары Отан алдындағы борышын өтеп, темiржол әскерiнде қызмет етедi. Әскерден соң, орман шаруашылығының инженерi, жөндеу-құрылыс бригадасының шеберi, орманды қорғау инженерi болып көп жыл еңбек етедi. Ал 2004 жылдан бастап қазiргi уақытқа дейiн Манаш Қозыбаев атындағы СҚМУ «Орман шаруашылығының iсi» мамандығы бойынша бiтiрген тәжiрибелi қызметкер Булаев орман шаруашылығы мекемесi директорының орынбасары лауазымында еңбек етуде.

Жұманғали Кеңесұлы өмiрлiк жары Мәриям Қалиқызымен 1980 жылы шаңырақ көтерiп, алты бала тәрбиелеп өсiрген. Бүгiн олар сол балаларынан тараған немере-жиендерiнiң қызық-қуанышына бөленiп отыр.

Жұманғали Балпанов 44 жылдыө еңбек өтiлi кезiнде көптеген марапаттарға ие болған қызметкер. Мәселен, ол қол жеткiзген жоғары жетiстiктерi үшiн Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлiгi Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесi комитетiнiң 2-шi дәрежедегi төсбелгiсiмен марапатталған. Бүгiн оған облыс әкiмiнiң Құрмет грамотасы табыс етiлiп, жүректен шыққан жылы тiлектер айтылды.

«Булаев орман шаруашылығы» КММ
әкiмшiлiгi