Зейнетақы активтерiн басқару жөнiндегi инвестициялық қызмет ашық болып табылады. enpf.kz сайтында «Көрсеткiштер — Инвестициялық қызмет» бөлiмiнде ай сайын Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң (ҚРҰБ) және инвестициялық портфельдi басқарушылардың (ИПБ) зейнетақы активтерiн инвестициялауы туралы егжей-тегжейлi ақпарат, сондай-ақ, нақты кезеңдегi ахуал бойынша инвестициялық қызметке шолулар жарияланады. Қазiргi уақытта ақпарат 2022 жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша жаңартылды.
Көрсетiлген есептерге сәйкес, 2022 жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша инвестициялық басқарудағы зейнетақы активтерiнiң жалпы көлемi 12,8 трлн теңге болды. Бұл ретте ҚР ҰБ сенiмгерлiк басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтерi 12 747,21 млрд теңге. ИПБ басқаруындағы зейнетақы активтерi 8,7 млрд теңгеге жеттi.
ҚРҰБ басқаруындағы зейнетақы активтерiнiң инвестициялық портфелi
2022 жылдың 1 маусымында ҚР Ұлттық қорын басқару жөнiндегi Кеңес мақұлдаған бағыттар шеңберiнде ҚРҰБ (сенiмгерлiк басқарушы ретiнде) инвестициялауының негiзгi бағыттары былайша берiлген:
— БЖЗҚ ЗА портфелiндегi негiзгi үлестi ағымдағы құны 5 329,37 млрд.теңгенi құрайтын ҚР Қаржы министрлiгiнiң МБҚ алады. Олардың портфельдегi үлесi 41,81%. 2022 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша теңгеге номиналданған ҚР Қаржы министрлiгiнiң МБҚ бойынша өтеуге орташа алынған кiрiстiлiк жылдық 10,8%, АҚШ долларында — жылдық 3,4% болды.
— ҚР квазимемлекеттiк ұйымдары облигацияларының ағымдағы құны 1 696,39 млрд теңге (портфельдегi үлесi — 13,31%). ҚР квазимемлекеттiк ұйымдарының теңгемен номиналданған облигациялары бойынша өтеуге орташа алынған кiрiстiлiк жылына 10,9%, АҚШ долларымен жылына 5,5%.
- ҚР екiншi деңгейдегi банктерiнiң облигациялары 931,25 млрд теңге (7,31%). ҚР ЕДБ теңгеге номиналданған облигациялары бойынша өтеуге орташа алынған кiрiстiлiк есептi күнге жылына 10,5%.
- шетелдердiң мемлекеттiк бағалы қағаздары 686,27 млрд теңге болды. Олардың портфельдегi үлесi — 5,38%. БЖЗҚ-ның ЗА портфелiндегi есептi күндегi шет мемлекеттердiң МБҚ өтеуге орташа алынған кiрiстiлiк жылына 0,8%.
- халықаралық қаржы ұйымдарының облигациялары 399,86 млрд теңге. Олардың портфельдегi үлесi 3,14%. Халықаралық қаржы ұйымдарының облигациялары бойынша өтеуге орташа алынған кiрiстiлiк жылдық 9,80% болды.
- ҚР Ұлттық Банкiндегi депозиттердiң ағымдағы құны есептi күнге 397,92 млрд. теңге. Портфельдегi үлесi 3,12%. Орташа алынған кiрiстiлiк жылдық 13,19% құрады.
- ҚР эмитенттерiнiң акциялары мен депозитарлық қолхаттарының құны 221,18 млрд. теңге. Портфельдегi үлесi 1,74%. Бұл кезеңде ҚР эмитенттерiнiң акциялары мен депозитарлық қолхаттарын сатып алу және сату болған жоқ.
- Екiншi деңгейдегi банктердегi депозиттер 198,89 млрд. теңге құрады. Портфельдегi үлесi 1,56%. ҚР ЕДБ салымдарын өтеуге орташа алынған кiрiстiлiк есептi күнге жылдық 9,1% болды.
- шетелдiк эмитенттердiң корпоративтiк облигацияларының құны 5,28 млрд. теңге. Портфельдегi үлесi 0,04%. БЖЗҚ ЗА портфелiндегi шетелдiк эмитенттердiң корпоративтiк облигацияларын өтеуге орташа алынған кiрiстiлiк есептi күнi жылдық 9,6%.
- есептi айда шетелдiк эмитенттердiң PPN (құрылымдық ноталарының) құны 11,14 млрд. теңге. Портфельдегi үлесi 0,09%. Шетелдiк эмитенттердiң PPN (құрылымдық ноталар) сатуы, өтеуi және сатып алуы болған жоқ.
- ҚР эмитенттерiнiң корпоративтiк облигацияларының құны 16,41 млрд. теңге. Портфельдегi үлесi 0,13%. Қарастырылып отырған кезеңде ҚР эмитенттерiнiң корпоративтiк облигацияларын сатып алу, сату және өтеу болған жоқ.
Бұдан басқа, инвестициялық портфель құрылымында 135,27 млрд теңге РЕПО (портфельдегi үлесi 1,06%), инвестициялық шоттардағы ақша қаражаты 12,62 млрд теңге (0,10%) және активтердi индекстiк басқару 2 705,36 млрд теңге (21,22%), дамыған елдердiң МБҚ, дамушы елдердiң МБҚ қоса алғанда, сыртқы басқарудағы активтер бар.
БЖЗҚ зейнетақы активтерi есебiнен сатып алынған қаржы құралдары номиналданған валюталар бөлiнiсiнде қаржы құралдарының инвестициялық портфелi былайша берiлген:
— ұлттық валютадағы инвестициялар — 70,87%, АҚШ долларында — 29,05%, басқа валютада — зейнетақы активтерi портфелiнiң 0,08%.
2022 жылдың басынан бастап есептелген инвестициялық кiрiс көлемi терiс болып, 154,09 млрд. теңгенi құрады. ҚР ҰБ шолуына сәйкес терiс инвестициялық табыстың негiзгi себептерi:ағымдағы жылы АҚШ ФРЖ негiзгi мөлшерлемесiнiң 75 б.п. — ға 1,0% — ға дейiн артуы және геосаяси шиеленiстiң өсуi аясында Қазақстан Республикасының мемлекеттiк бағалы қағаздарын қоса алғанда, дамыған және дамушы елдердiң облигациялары бойынша кiрiстiлiктiң өсуi (бағаның төмендеуi) ;
АҚШ ФРЖ және басқа да орталық банктердiң әлемдегi инфляцияға қарсы күрестегi ынталандыруларының жедел түрде қысқаруы, сондай-ақ, экономикадағы рецессияның басталу және пайданың төмендеуi аясында жаһандық акциялар нарығының төмендеуi (акциялар мандаттары бойынша зейнетақы активтерiн сыртқы басқарушылар үшiн эталондық болып табылатын MSCI World индексi 12% — дан астам төмендедi);
жыл басынан есептi күнге теңге бағамының 4,0% — ға нығаюы бiр АҚШ доллары үшiн 431,8-ден 414,67 теңгеге дейiн (зейнетақы активтерiнiң шамамен 30% шетел валютасында, оның iшiнде сыртқы басқарудағы активтер).
Жоғарыда көрсетiлген факторлардың нәтижесiнде 2022 жылдың басынан бастап салымшылардың (алушылардың) шоттарына бөлiнген БЖЗҚ зейнетақы активтерiнiң кiрiстiлiгi
(-1,35%) құрады. Бұл ретте 2022 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша БЖЗҚ салымшылары (алушылары) үшiн соңғы 12 айға (2021 жылғы маусымнан бастап 2022 жылғы мамырға дейiн) зейнетақы активтерiнiң кiрiстiлiгi 4,14%.
Зейнетақы активтерiн шоғырландыру аяқталған 2014 жылғы сәуiрден бастап 2022 жылғы мамырға дейiнгi кезең үшiн жинақталған кiрiстiлiк 99,94% болды. 2014 жылдан бастап 2021 жылға дейiнгi 8 жыл үшiн БЖЗҚ зейнетақы активтерiнiң кiрiстiлiгi жылдық 9,68%.
Атап кететiн маңызды мәселе, зейнетақы жинақтары — бұл ұзақ мерзiмдi инвестициялар және инвестициялық табыстың мөлшерiн кемiнде 1 (бiр) жыл кезеңiнде талдау орынды. Қысқа мерзiмдi деректер (апта сайынғы, ай сайынғы және т.б.) — айқын нәтиже көрсетпейдi, өйткенi, ол нарықтың үнемi құбылмалығына тәуелдi.
Эмитенттердi көрсете отырып, ҚР ҰБ басқаруымен қаржы құралдарының инвестициялық портфелiнiң егжей-тегжейлi құрылымы мен инвестициялық қызметке шолу БЖЗҚ-ның ресми сайтында орналастырылған.
Естерiңiзге сала кетейiк, Қазақстанда зейнетақы жинақтарының сақталуына мемлекеттiк кепiлдiк бар. ҚР «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңының 5-бабына сәйкес, мемлекет алушыларға зейнетақы төлемдерiне құқық алған кездегi инфляция деңгейiн ескере отырып, БЖЗҚ-дағы мiндеттi зейнетақы жарналары мен мiндеттi кәсiптiк зейнетақы жарналарының нақты енгiзiлген жарналар мөлшерiнде сақталуына кепiлдiк бередi.
Инвестициялық портфельдi басқарушылар
Басқарушы компанияларға берiлген қаражаттың жалпы көлемi 8,7 млрд теңге.
"Jusan Invest" АҚ сенiмгерлiк басқаруындағы зейнетақы активтерi 3,94 млрд теңгенi құрады. Оларға инвестициялық шоттарда ақшалай қаражатта қалған активтер (45,98%), Exchange Traded Funds (ETF) пайлары — 31,44%, ҚР Қаржы министрлiгiнiң МБҚ (18,37%), ҚРҰБ ноталары (портфельдiң 4,21%) сатып алынды. Портфельдiң 64,04% теңгемен, 35,96% АҚШ долларында.
Инвестициялық қызмет нәтижесiнде «Jusan Invest» АҚ басқаруындағы зейнетақы активтерiнiң табыстылығы жыл басынан берi (-1,10%) болды.
«Jusan Invest» АҚ басқаруындағы қаржы құралдарының эмитенттерi көрсетiлген инвестициялық портфелiнiң толық құрылымы БЖЗҚ сайтында жарияланған.
«Halyk Global Markets» АҚ-ның сенiмгерлiк басқаруындағы зейнетақы активтерi 2022 жылдың 1 маусымында 2,47 млрд теңгенi құрады. Портфельдiң құрылымында шоттардағы ақшалай қаражат 53,98%, шетелдiк эмитенттердiң үлестiк құралдары (ETF пайлары) 14,85%, ҚР квазимемлекеттiк ұйымдарының облигациялары 10,73%, шетелдiк эмитенттердiң акциялары мен депозитарлық қолхаттары 5,88%, ҚР екiншi деңгейдегi банктердiң облигациялары 5,71%, ҚР ұйымдарының корпоративтiк облигациялары 4,47%, ХҚҰ 4,39%. Портфельдегi ұлттық валютадағы инвестициялар 78,20%, АҚШ долларында 20,80%. «Halyk Global Markets» АҚ басқаруындағы зейнетақы активтерiнiң табыстылығы 01.01.2022ж. — 01.06.2022ж. аралығында (-3,73%) болды.
«Halyk Global Markets» АҚ басқаруындағы қаржы құралдарының эмитенттерi көрсетiлген инвестициялық портфелiнiң нақты құрылымы БЖЗҚ сайтында жарияланған.
«BCC Invest» АҚ-ның сенiмгерлiк басқаруындағы зейнетақы активтерi 2022 жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша 1,41 млрд теңгенi құрады. Олар мемлекеттiк облигацияларға 32,65%, пайларға (ETF индекстерге) 21,54%, ҚР квазимемлекеттiк ұйымдарының облигацияларына 12,98%, шетелдiк эмитенттердiң акциялары мен депозитарлық қолхаттарына 8,68%, инвестициялық шоттардағы ақшалай қаражатқа 7,30%, ХҚҰ облигацияларына 6,10%, ҚР ЕДБ облигацияларына 5,46%, ҚР резидент-эмитенттерiнiң корпоративтiк облигацияларына 5,22%, өзге де активтерге (дебиторлық берешек, мерзiмi өткен берешек, провизиялар) 0,06% бөлiнген. Ұлттық валютадағы құралдарға портфельдiң 69,71%, АҚШ долларында 30,29% инвестицияланған.
Инвестициялық қызметтiң нәтижесiнде «BCC Invest» АҚ басқаруындағы зейнетақы активтерiнiң кiрiстiлiгi ағымдағы жылдың басынан берi (-3,53%) құрады.
«BCC Invest» АҚ басқаруындағы қаржы құралдарының эмитенттерi көрсетiлген инвестициялық портфелiнiң толық құрылымы БЖЗҚ сайтында жарияланған.
2022 жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша "Сентрас Секьюритиз" АҚ сенiмгерлiк басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтерi 0,90 млрд теңгенi құрады. Олар ҚР ҚМ МБҚ-ға 56,85%, ҚР квазимемлекеттiк ұйымдарының облигацияларына 14,07%, инвестициялық шоттардағы ақша қаражатына 10,65%, ҚР эмитенттерiнiң акциялары мен депозитарлық қолхаттарына 9,28%, РЕПО 7,03%, шетелдiк эмитенттердiң үлестiк құралдарына (ETF пайлары) 1,86%, өзге активтерге (дебиторлық берешек, мерзiмi өткен берешек, провизиялар) 0,27% инвестицияланған. Қаржы құралдарына портфельдiң 88,18% ұлттық валютада, АҚШ долларында — 11,82% инвестицияланған.
Инвестициялық қызметтiң нәтижесiнде «Сентрас Секьюритиз» АҚ басқаруындағы зейнетақы активтерiнiң кiрiстiлiгi 2022 жылдың басынан берi (-4,88%) құрады.
«Сентрас Секьюритиз» АҚ басқаруындағы қаржы құралдарының эмитенттерi көрсетiлген инвестициялық портфелiнiң толық құрылымы БЖЗҚ сайтында жарияланған.
Естерiңiзге сала кетейiк, БЖЗҚ-дан зейнетақы активтерiн алғаннан кейiн ИПБ оларды ҚР Ұлттық Банкi Басқармасының 2014 жылғы 3 ақпандағы №10 қаулысымен бекiтiлген Инвестициялық портфельдi басқару жөнiндегi қызметтi жүзеге асыру қағидаларында көрсетiлген және ИПБ инвестициялық декларациясында рұқсат етiлген қаржы құралдарына инвестициялайды.
Зейнетақы жинақтарын ИПБ басқаруына аударған кезде мемлекет кепiлдiгi басқарушы компанияның зейнетақы активтерi кiрiстiлiгiнiң ең төменгi деңгейiн қамтамасыз ету жөнiндегi кепiлдiгiмен ауыстырылады. Кiрiстiлiктiң ең төменгi деңгейi нарықта әрекет ететiн ИПБ басқаруына берiлген зейнетақы активтерiнiң орташа алынған кiрiстiлiгiн негiзге ала отырып есептеледi.