2022 жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша 2021 жылдың қаңтарынан берi БЖЗҚ салымшылардың (алушылардың) тұрғын үй жағдайын жақсарту үшiн жинақталған зейнетақы қаражатын пайдалану туралы 1 323 432 өтiнiшiн орындады. Уәкiлеттi оператор-банктерде ашылған қазақстандықтардың арнайы шоттарына БЖЗҚ 3,1 трлн теңгеден астам қаржы аударылды. Бiржолғы зейнетақы төлемдерiнiң орташа сомасы — 2,4 млн теңге.
Орындалған өтiнiштердiң ең көбi Алматы қаласының (17,63%), Нұр-Сұлтан қаласының (13,98%), Маңғыстау облысының (10,36%) тұрғындары тарапынан жолданған. www.enpf.kz сайтындағы «Көрсеткiштер» бөлiмiнде салымшылардың бiржолғы зейнетақы төлемдерiн қандай мақсаттарға пайдалануды жоспарлайтыны туралы егжей-тегжейлi ақпарат жарияланған. Мұндай ақпарат өңiрлер бөлiнiсiнде де берiлген («Мақсаттар бойынша тұрғын үй жағдайларын жақсартуға арналған бiржолғы зейнетақы төлемдерi» және тиiсiнше «Тұрғын үй жағдайларын жақсартуға арналған бiржолғы зейнетақы төлемдерi» шағын бөлiмдерi).
Қазiргi уақытта зейнетақы жинақтарының бiр бөлiгiн пайдалануға өтiнiштердi қабылдайтын уәкiлеттi операторлар: «Отбасы банкi» тұрғын үй құрылыс жинақ банкi» АҚ, «Қазақстан Халық банкi» АҚ, «Altyn Bank» АҚ, «Банк ЦентрКредит» АҚ және «Банк Фридом Финанс Казахстан» АҚ болып табылады. Естерiңiзге саламыз, бiржолғы зейнетақы төлемi уәкiлеттi операторда («Отбасы банкi» тұрғын үй құрылыс жинақ банкi» АҚ) ашылған арнайы шотқа түскеннен кейiн алушы уәкiлеттi операторға бiржолғы зейнетақы төлемдерiнiң нысаналы мақсатын растайтын құжаттарды олар келiп түскен күннен бастап 20 жұмыс күнi iшiнде (Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, тұрғын үй жағдайын жақсарту үшiн бiржолғы зейнетақы төлемдерiн пайдалану қағидаларының 13-тармағы аясында) ұсынады. Бұған тұрғын үй сатып алу немесе жеке тұрғын үй салу мақсатында (жеке тұрғын үй құрылысы деген нысаналы мақсаты бар жер телiмiн сатып алуды қоса алғанда) одан әрi жинақтау үшiн тұрғын үй құрылысына салымды толықтыру жатпайды. Бұл жағдайда алушы Отбасы банкiне бiржолғы зейнетақы төлемдерiнiң нысаналы мақсатын растайтын құжаттарды олар келiп түскен күннен бастап 3 жыл iшiнде бередi. Басқа уәкiлеттi операторлар (екiншi деңгейдегi банктер) бойынша бiржолғы зейнетақы төлемiне арналған өтiнiштер және алушының мақсаттары бойынша құжаттары банктiң iшкi құжаттарында белгiленген тәртiп пен мерзiмге сай қаралады. Бұл ретте, банк бiржолғы зейнетақы төлемдерiнiң сомалары өтiнiш берушiнiң (алушының) арнайы шоттарына есептелген күннен бастап 10 жұмыс күнi iшiнде олардың нысаналы мақсаты бойынша бiржолғы зейнетақы төлемдерiн аударады. Уәкiлеттi операторға растаушы құжаттар белгiленген мерзiмде берiлмеген жағдайда, бұл қаражат БЖЗҚ-ға қайтарылады.
Алушы, сонымен қатар көрсетiлген мерзiмдi күтпей-ақ, аударылған соманы уәкiлеттi операторға тиiстi өтiнiш беру арқылы БЖЗҚ-ға қайтара алады, оны уәкiлеттi оператор қайтаруға өтiнiш алған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күнi iшiнде орындауға мiндеттi.
Атап кетейiк, уәкiлеттi операторлардан салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттарына (ЖЗШ) өтiнiш берушiнiң өтiнiшi және өзге де себептер бойынша 446,4 млрд теңгеден аса қаражат қайтарылды, себебi, қазақстандықтар бiржолғы зейнетақы төлемдерiн белгiленген мерзiмде пайдаланбаған.
Сонымен қатар, БЖЗҚ емделуге берiлген 298,0 млрд теңгеге 384 969 өтiнiштi орындады. Бұл ретте алуға болатын орташа сома шамамен 0,8 млн теңге. Сонымен қатар, салымшылардың (алушылардың) БЖЗҚ-дағы ЖЗШ-на уәкiлеттi оператордан («Отбасы банкi» тұрғын үй құрылыс жинақ банкi» АҚ) 29,2 млрд теңге қайтарылды, бұл қаражат өтiнiш берушiнiң қалауы немесе өзге де себептер бойынша белгiленген мерзiмде пайдаланылмаған.
Зейнетақы жинақтарын емделуге пайдалану жөнiндегi өзектi статистикамен www.enpf.kz сайтындағы «Көрсеткiштер» — «Емделуге берiлетiн бiржолғы зейнетақы төлемдерi» бөлiмiнен танысуға болады.
2022 жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша, инвестициялық портфельдi басқарушыларға (ИПБ) 8,7 млрд теңге аударылып, БЖЗҚ 5 870 өтiнiштi орындады. Аударымның орташа сомасы 1,5 млн теңге. Зейнетақы жинақтарын сенiмгерлiк басқаруға беру бойынша егжей-тегжейлi статистика enpf.kz сайтындағы «Көрсеткiштер» — «Зейнетақы жинақтарын басқарушы компанияларға беру» бөлiмiнде жарияланған.
Қазiргi уақытта БЖЗҚ зейнетақы активтерiн сенiмгерлiкпен басқаруға қатысты төрт ИПБ-мен шарт жасасты. Осы ИПБ туралы ақпаратпен enpf.kz сайтындағы «Қызметтер» — «Инвестициялық портфельдi басқарушылар тiзбесi» бөлiмiнде танысып, инвестициялық декларацияларын зерделеуге болады.
Естерiңiзге сала кетсек, БЖЗҚ-дан зейнетақы активтерiн алғаннан кейiн ИПБ оларды ҚР Ұлттық Банкi Басқармасының 2014 жылдың 3 ақпанындағы №10 қаулысымен бекiтiлген Инвестициялық портфельдi басқару жөнiндегi қызметтi жүзеге асыру қағидаларында көрсетiлген және ИПБ инвестициялық декларациясында көзделген рұқсат етiлген қаржы құралдарына инвестициялайды.
Зейнетақымен қамсыздандыру туралы Заңға сәйкес, ИПБ инвестициялық басқаруды жүзеге асырғаны үшiн комиссиялық сыйақы алуға құқылы. ИПБ сыйақысының шектi шамасы алынған инвестициялық табыстың 7,5% аспауы тиiс. Комиссиялық сыйақының нақты шамасын жыл сайын ИПБ-ның басқарушы органы бекiтедi және ол жылына бiр рет қана өзгеруi мүмкiн.
Салымшы зейнет жасына толғанға дейiн Ұлттық Банктiң басқаруында болатын зейнетақы жинақтарына инфляция деңгейi ескерiлiп отыратын сақталу кепiлдiгi қолданылады. Зейнетақы жинақтары ИПБ-ның басқаруына аударылған жағдайда, мемлекеттiк кепiлдiк басқарушы компанияның зейнетақы активтерiнiң ең төменгi кiрiстiлiк деңгейiн қамтамасыз ететiн кепiлдiгiмен алмастырылады. Кiрiстiлiктiң ең төменгi деңгейi нарықта әрекет ететiн ИПБ-ның басқаруына берiлген зейнетақы активтерiнiң орташа алынған кiрiстiлiгiн негiзге ала отырып, есептеледi.