
Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Қытайда өткен Азия ойындарының солтүстікқазақстандық жүлдегерлерімен кездесті. Велошабандозымыз Алексей Луценко алтын және күміс жүлде алса, велотрекші Артем Захаров пен боксшы Наталья Богданова жеңіс тұғырының үшінші сатысына көтерілді.
Өңір басшысы спортшылар бен бапкерлерді жақсы нәтижемен құттықтап, алғыс хат пен ақшалай сыйақы табыс етті. Ел қоржынына 5-ші алтын медаль түсірген Алексей Луценкоға 1 жарым миллион теңгенің сертификаты, Азия чемпионатында қола жүлдеге ие болған Артем Захаров пен Наталья Богдановаға 750 мың теңге табысталды. Сонымен қатар, велошабандоз Алексей Луценко «Астана ПроТим» командасының атынан қолтаңба қойылған жейдені облыс әкімі Ғауез Торсанұлына сыйлады.
Кездесуде тек чемпиондарға ғана емес, олардың жаттықтырушыларына да құрмет көрсетілді. Спортшылардың бапкерлеріне 500 мың теңгенің сертификаттары табыс етілді.
Алда Парижде өтетін Олимпиаданың маңызды жарыстары бар. Спортшыларымызға жеңіс тілеймін.