Солтүстік Қазақстан облысы қазіргі Есіл ауданы Бұлақ ауылында 1946 жылы 9 мамырда дүниеге келген. Қуатбек Нұржанұлы бала кезінен зерек, алғыр, ынталы бала болды.Туған ауылында 7 сыныпты аяқтағаннан кейін, білімін Преснов ауданындағы (қазіргі Жамбыл ауданы) Баян орта мектебінде жалғастырады. Кілең бестікке оқып, 1963 жылы Баян ауылының орта мектебін «Алтын белгімен» аяқтап шығып, Қарағанды медициналық институтына оқуға түсіп, 1969 жылы тәмамдайды.
1969 жылы Кеңес Әскері қатарына шақырылып, Чита облысында орналасқан әскери бөлімде мамандығы бойынша қызмет атқарады. 1971 жылы Сергеев аудандық ауруханасына жолдама алып, хирург қызметіне кірісті. 1975 жылдан бастап аудандық аурухананың хирургия бөлімшесінің меңгерушісі – бас хирург болып жемісті жұмыс істеді. 1985 жылы жоғары дәрежедегі хирург деп аталса, көп ұзамай «Халықтар достығы» орденімен марапатталды. 1988 жылы бүкілодақтық дәрігерлер съезіне делегат болып қатысты. Елизаров аппаратын алғашқы болып қолданып, оның құрылысына жаңашылдық енгізген.
Қуатбек Нұржанұлының денсаулық сақтау саласында көп жылдар бойғы еңбегі еленіп, емделушілер қатарынан зор алғысқа бөленді. Сырқаты асқына келе әралуан қауіпті-қатерлі сатысына жетіп жаны қысылған талайды ауруынан құлан-таза айықтырып, жарық ғұмырдың сәулесін сыйлаған «қолы алтын» дәрігер Қуатбек Нұржанұлының шынайы құрметтейтіндер қатары уақыт өте қалыңдап келді.
Қуатбек Нұржанұлының атының шығуының дәлелі ретінде мына жағдайды айтуға болады: 1979 жылы ауданымыздағы Қаратал ауылының тұрғыны 37 жасар Анесова Қазима жүрек жарасымен, яғни жараланғаннан кейін 1,5 сағаттан соң жүрек тұсындағы ашық жарамен орталық ауруханаға түседі, жағдайы өте ауыр, ажал аузында жатқан аурудың жүрегіне 3 см көлемінде пышақ сұғылған. Операция барысында әртүрлі деңгейдегі қызметтер көрсетіледі, ол кезде анастозиолог дәрігер жок, өзі 4-ші қабырға аралығында интубациялық әдіспен наркоз қойылып операция жасайды. Өңі жоқ, бозғылт түрде жатқан науқастың жүрек қағысы, артериялық қысымы, демі білінбейді. Жара тұсында ұйыған қандар сыртқа шығуда. Осындай қалыпта қорықпастан ота жасап, жүрек тұсы 5 мм аралықпен жібек жіппен тігіледі. Осы кезде науқастың жүрегі тіпті тоқтайды. Тез аралықта Қуатбек Нұржанұлы жүрек тұсына өз қолымен тікелей массаж жасап, 0,1 пайызды 2 милилитрлі адреналин сұйықтығын, 0,1 пайыз атропин, 4 пайыз сода енгізеді, сәлден соң жүрегі соға бастайды. Ота кезінде 1400 мл қан құйылған Анесова Қазима апайдың жүрегі көпке дейін соғады. Жүрегіне салынған жіптер 10 тәулікте алынып, 14 тәулікте екі аяғына тұрып жүре бастайды. Сонда да, дәрігер өз бақылауында қалдырып, 36 тәулікте қанағаттарлық жағдайда ауруханадан шығарады. Одан кейін 1 жылдан кейін қаралғанда, жағдайы жақсы болып, ешқандай шағым келтірмеген. Анесова Қазима жыл сайын тексерілістен өтіп, Қуатбек Нұржанұлына өз алғысын білдіріп жүрген екен.
Осы жағдайдан кейін Қуатбек ағаны өлім аузынан құтқарушы, алтын адам, аңыз адам деп ауыздан ауызға тарап, таңырқап қарайтын болды. Бірақ, Қуатбек ағай, ешқашан өзін көтермелеген емес, керісінше қарапайым ауылдың баласы ретінде бәріне кішіпейілділікпен қарап, қамқор бола білген кең жүректі, асыл азамат бола білді.