
«Азаматтарға арналған үкiмет» мемлекеттiк корпорациясы 2019 жылы елiмiздегi мемлекеттiк қызмет көрсетiп жатқан 152 фронт-офис қызметiн трансформацияламақ.
Бүгiнде республика бойынша халыққа қызмет көрсетушi 326 фронт-офис бар. Азаматтардың электрондық қызметтердi пайдалану деңгейiн арттыру мақсатында мемлекеттiк корпорация 60/40 жаңа қағидатына сәйкес, фронт-офистерде кеңауқымды трансформациялауды бастады.
«60/40 қағидаты фронт-офистегi жұмыс аймағының 40% қызмет көрсететiн операторларға тиесiлi екенiн, ал азаматтардың қызметтердi өз бетiнше алу аймағы — Connection point пен қоғамдық қолжетiмдi пункттердiң үлесi 60% жететiнiн меңзейдi. Осылайша, бiз болашақта қызмет алушылардың осы принцип бойынша анықтамалар мен басқа да керектi құжаттарды өздiгiнен алуын қамтамасыз етпекпiз», — дейдi «Азаматтарға арналған үкiмет» мемлекеттiк корпорациясының басқарма төрағасы Аблайхан Оспанов.
Аталған қағидат бойынша елiмiзде бүгiнде 174 фронт-офис қызмет етедi. Нәтижесiнде азаматтардың 2018 жылы өз бетiнше алған қызметтерiнiң саны 2017 жылмен салыстырғанда 2 млн. артып, 12 млн. құрады. Бұл көрсеткiштiң өсуiне электрондық үкiмет порталында жұмыс iстеу және электрондық қызметтердi пайдалану дағдыларына 8 млн астам азаматтың үйретiлуi де әсер еткен.
Айта кетейiк, «Азаматтарға арналған үкiмет» мемлекеттiк корпорациясы арқылы 2018 жылы 31,9 млн. қызмет көрсетiлдi, оның 16 млн. электрондық форматта.
Анықтама: «Азаматтарға арналған үкiмет» мемлекеттiк корпорациясы арқылы мемлекеттiк қызметтер реестрiнде қамтылған 741 қызметтiң 598-i қолжетiмдi. Мемлекеттiк қызметтердiң көрсетiлуiн 326 фронт-офис, 6 секторы бар 16 мамандандырылған ХҚО (оның iшiнде 4 сектор Алматыда және 2 сектор Түркiстан облысында), 70 мобильдiк ХҚО және Қазпоштаның 1656 бөлiмшесi қамтамасыз етедi.