
«Азаматтарға арналған үкiмет» мемлекеттiк корпорациясы 2018 жылғы 12 желтоқсанда биометрия жобасын iске қосты. Бiр ай iшiнде деректер базасына тiркелiп, мәлiметтерiн қалдырған азаматтардың саны 1473-ке жеттi.
Үкiмет үйiнде өткен брифинг барысында «Азаматтарға арналған үкiмет» мемлекеттiк корпорациясының басқарма төрағасы Аблайхан Оспанов: «Бүгiнде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы белсендi жүргiзiлуде. Бұл ретте, бiз мемлекеттiк қызметтердi алу процесiн жеңiлдету үшiн қызмет алушылардың жеке басын растаудың жаңа механизмiн iске қостық. Биометрия — жеке мәлiметтердiң ақпараттық қауiпсiздiгiн күшейтуге көмектесетiн құрал», — деп атап өттi.
Биометрия жобасы шеңберiнде мемлекеттiк қызметтердi көрсету барысында азаматтардың жеке басын куәландыратын құжаты не электрондық цифрлық қолтаңбасы қажет емес. Бұл үшiн бет-бейне скан көшiрмесi немесе саусақ iздерiнiң болуы жеткiлiктi. Бұл деректердi азаматтар Астана қаласының 3 және Алматы қаласының 1 халыққа қызмет көрсету орталығында қалдырып, мәлiметтер базасына енгiзе алады.
Мемлекеттiк корпорацияның басқарма төрағасы Аблайхан Оспановтың айтуынша, биометрия өз бетiнше алынатын қызметтер санының артуына, қызметтердi алу кезiнде бөгде азаматтардың қатысуын болдырмауды қамтамасыз етедi.
Биометрия жобасының шеңберiнде азаматтарға 52 мемлекеттiк қызметтiң көрсетiлуi қарастырылуда. Олардың екеуi — мекенжай және жылжымайтын мүлiктiң болу/болмауы жөнiндегi анықтамалар қазiрдiң өзiнде қолжетiмдi.
Айта кетейiк, биометрия базасы қаржы, коммерциялық қызмет көрсету және қауiпсiздiк салаларында, сондай-ақ ғимаратқа кiру жүйесiнде пайдаланылуы мүмкiн. Шетелдiк тәжiрибеде биометрия әдiсiн Ұлыбритания, Үндiстан, Нидерланд королдiгi ұтымды пайдалануда.
Бiр ай бұрын Астана және Алматы қалаларында енгiзiлген биометрия пилоттық жобасы биыл қыркүйек айына дейiн барлық облыстарда iске қосылады деп жоспарланған.