
«Азаматтарға арналған үкiметтiң» әлеуметтiк сала бойынша кеңес беретiн 1411 тегiн нөмiрiне қоңырау шалу арқылы мүгедектiгi бар балаларды тәрбиелеп отырғандар псилохологиялық көмек алу кезегiн брондай алады.
Мүгедектiгi бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға психологиялық кеңес беретiн онлайн қолдау қызметiн құру жөнiндегi әрiптестiк келiсiм ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтiк даму министрлiгi, «Азаматтарға арналған үкiмет» мемлекеттiк корпорациясы және Қазақстан-Ресей медицина университетiнiң арасында 2015 жылы жасалған.
Онлайн қолдау қызметi құрылғалы берi барлық аймақтан 2,4 мың өтiнiш келiп түскен. Қоңыраулардың денi Алматы, Атырау және Түркiстан облыстарына тиесiлi.
1411 байланыс орталығына хабарласқандар онлайн көмек алу уақытын белгiлеп, кезекке тұрады. Медицина университетiнiң мамандарымен байланыс «Skype» бағдарламасы арқылы жүзеге асады, ол үшiн белгiленген уақытта krmu1411 аккаунтына онлайн қоңырау шалу қажет.
Мүмкiндiгi шектеулi балалардың ата-аналарына психологиялық көмектi медицина университетiнiң психиатрия, жалпы медициналық психология және педагогика кафедраларының кәсiби мамандары бередi.
Психологтардың қызметiне жүгiну — балаларды тәрбиелеу және оқыту бағдарламаларын таңдау бойынша ақылы мамандардың қызметiн төлей алмайтын және кәсiби мамандардың қабылдауына бара алмайтын шалғайдағы елдiмекендерде тұратын ата-аналар үшiн жақсы мүмкiндiк.