
«Азаматтарға арналған үкiмет» екi мыңнан аса әкiмдiк қызметкерлерiн egov.kz электрондық үкiмет порталын пайдалану дағдыларына үйреттi. Олардың барлығы қысқа мерзiмдi курстан өткендiгi туралы сертификаттар мен жаттықтырушы атағын алды. Тыңдаушылар одан әрi аудан әкiмдiктерiнiң қызметкерлерiн, өз қалалары мен облыстарының тұрғындарын тегiн оқытады деп жоспарлануда, осылайша цифрлық сауаттылық сабақтарымен жарты миллион адам қамтылмақ.
Электрондық үкiмет пен е-мемлекеттiк қызметтердi пайдалануды оқыту «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттiк бағдарламасының адами капиталды дамыту жобасы шеңберiнде жүргiзiледi.
«Азаматтарға арналған үкiмет» мемлекеттiк корпорациясы басқармасының төрайымы Әсемгүл Балташеваның айтуынша, мемлекеттiк корпорацияның тiкелей қатысуымен азаматтарды цифрлық сауаттылыққа оқыту мақсатында«Электрондық үкiмет және электрондық мемлекеттiк қызметтер» тақырыбында арнайы оқу бағдарламасы әзiрлендi.
«Бiз ақпараттық технологиялар ғасырында өмiр сүрiп жатырмыз. Сондықтан, уақыт өте келе, электрондық қызметтердi алудың жаңа тәсiлдерiн игеру маңызды. Бүгiнгi таңда мемлекеттiк корпорация өзiнiң кең инфрақұрылымы арқасында азаматтарға мемлекеттiк қызметтердi өз бетiнше алудың маңыздылығын жеткiзiп қана қоймай, оларды пайдаланудың оңай жолдарын үйретiп, қызметтердiң барлығына бiрдей қол жетiмдiлiгiн көрнекi түрде көрсетiп келедi. Және бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса бередi», — дедi Балташева.
Оқыту барысында жаттықтырушыларғамемлекеттiк қызметтердi алудан басқа базалық цифрлық дағдылар, электрондық сауда, ақпараттық қауiпсiздiк негiздерiне үйретiп, «Ашық үкiметтiң» пайдасы туралы айтылды. Сонымен қатар, қысқа мерзiмдi курстарда кемiнде жарты миллион қазақстандық цифрлық дағдыларын жоғарылатпақ.
Айта кету керек, 2018 жылы мемлекеттiк корпорация мамандары жергiлiктi әкiмдiктердiң үш мыңнан асақызметкерiн оқытып, ал олар өз кезегiнде 600 мыңнан аса адамды цифрлық дағдыларға үйреткен болатын.
Естерiңiзге сала кетейiк, бүгiнде барлық облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалалардағы электрондық қызмет көрсету орталықтарында (цифрлық ХҚКО) тақырыптық сабақтар өтетiн оқыту сыныптарыжұмыс жасайды. Мұнда бiлiмiн жетiлдiрген азаматтарға электрондық сертификаттар табысталады. Үстiмiздегi жылдың 5 айында цифрлық ХҚКО-ларда барлығы 167 мыңнан аса сертификат берiлдi.