«Азаматтарға арналған үкiмет» бiр жылда жылжымайтын мүлiктi тiркеу қызметi бойынша 2 млн. 30 мыңнан астам өтiнiш тiркедi. Естерiңiзге сала кетейiк, жылжымайтын мүлiктi тiркеу қызметi Әдiлет министрлiгiнiң құзiретiнен мемлекеттiк корпорацияға 2018 жылдың 30 шiлдесiнде берiлген болатын.
Статистикалық мәлiметтерге сүйенсек, Нұр-сұлтан және Алматы қалаларының, сондай-ақ Алматы мен Қарағанды облыстарының тұрғындары жылжымайтын мүлiктi тiркеу қызметтерiн ең белсендi алушылар болып отыр. Атап айтсақ, 2018 жылдың 30 шiлдесiнен бастап 2019 жылдың 31 шiлдесiне дейiн Алматы қаласы мен Алматы облысында 228 мыңнан астам өтiнiш тiркелген, елорда тұрғындарынан 209 мыңнан астам және Қарағанды облысынан 157 мыңнан астам өтiнiш келiп түскен.
Ал Қызылорда (58 мыңнан астам өтiнiш), Атырау (62 мыңнан астам өтiнiш) және Маңғыстау (73 мыңнан астам өтiнiш) облыстарында жылжымайтын мүлiктi тiркеу қызметiне деген сұраныс төмен.
Айта кетейiк, көрсеткiштердi есептеу кезiнде құқықтың пайда болуы, деректердiң өзгеруi, ауыртпалықтарға және екiншi деңгейдегi банктермен келiсiм шартқа отыру бойынша өтiнiштер ескерiлдi.
«Бүгiнде жылжымайтын мүлiктi қысқа мерзiмде рәсiмдеуге болады. Бас-аяғы 3 жұмыс күнi iшiнде мүлiгiңiздiң тiркелгенi туралы мөртабасы бар қажеттi құжат қолыңызда болады. Дегенмен, бiз азаматтардың өмiр сүру сапасын жақсарту мақсатында бұл қызметтi одан әрi оңтайландырып, алдағы уақытта тiркеу уақытын 1 күнге дейiн қысқартуды жоспарлап отырмыз», — дейдi мемлекеттiк корпорация төрайымы Әсемгүл Балташева.
Айта кету керек, жылжымайтын мүлiктi тiркеуге өтiнiштi «Азаматтарға арналған үкiмет» және нотариустар арқылы беруге болады.
