29 тамыз — Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күрес күнi. Қазақстанда ядролық сынақтар 40 жыл бойы жүргiзiлдi.
«Азаматтарға арналған үкiмет» мемлекеттiк корпорациясы жыл басынан берi Семей ядролық сынақ полигонынан зардап шеккендерге бiржолғы мемлекеттiк ақшалай өтемақы бойынша 2924 төлем тағайындады. Зардап шеккендерге берiлетiн өтемақы мөлшерi радиациялық қауiп аймақтарына қарай бөлiнедi.
Аталған бiржолғы өтемақыны алу үшiн сынақ салдарынан зардап шеккен аймақта тұрғандар тiркеуден өтiп, тиiстi куәлiк алуы тиiс. Бұл үшiн мемлекеттiк корпорацияның фронт-офисiне жүгiну қажет. Қызметтi алу үшiн азаматтар өтiнiш жазып, төл құжат көшiрмесiн, мекенжай анықтамасын, банктегi шотының нөмiрiн, сондай-ақ 1949-1990 ж.ж. ядролық сынақтар өткен аймақта тұру фактiсiн растайтын құжаттарын өткiзедi.
Айта кетейiк, 2019 жылдың алғашқы алты айында Семей полигонынан зардап шектi дегендерге 5,7 мың куәлiк берiлдi.
