
«Азаматтарға арналған үкiмет» мемлекеттiк корпорациясы ХҚО-ға жүгiнетiн есту қабiлетi нашар азаматтарға мемлекеттiк қызметтердi ым тiлiнде көрсетедi.
23 қыркүйекте халықаралық ым тiлдерiнiң күнi атап өтiледi. Арнайы датаны БҰҰ 2017 жылы белгiлеген.
Күн сайын елiмiздегi 348 фронт-офиске мыңдаған қазақстандық мемлекеттiк қызмет алуға келедi. Олардың сұранысын өтеп, сапалы қызмет көрсету — ХҚО қызметкерлерiнiң мiндетi. Қызмет алушылардың арасында ерекше қажеттiлiгi бар тұлғалар да бар. Есту қабiлетi нашар адамдар үшiн фронт-офистерде ишарат тiлiн меңгерген мамандар қызмет көрсетедi.
«Әр күнiн тыныштықта өткiзетiн азамат ХҚО сияқты мекемеге келiп, өзiн түсiне алатын қызметкермен ыммен тiлдесiп, керек қызметiн ала алады. Бiз қашанда ерекше қажеттiлiгi бар тұлғаларға бар жағдайды жасауға тырысамыз. Арбамен жүретiндер үшiн пандустар, зағиптар үшiн брайль әлiпбиiндегi жазулары бар тақтайшалар қойылған, нашар еститiндерге сурдоаударма тiлiн меңгергендер қызмет көрсетедi», — дейдi басқарма төрайымы Әсемгүл Балташева.
Елiмiз бойынша халыққа қызмет көрсету орталықтарының бөлiмдерiнде еңбектенетiн 1300-ден астам қызметкер биыл ишарат тiлiн меңгеру курстарынан өткен. Олардың 1100-ден астамы арнайы сертификаттарын алған.
Мемлекеттiк корпорацияның Қостанай облыстық филиалында қызмет ететiн Айжан Мақатованың айтуынша, ым тiлiн үйрену ұсынылғанда, ол бiрден келiсiмiн берген. Адамдарға көмектесу — басты парызым, деп бiлген ол курстардан өту арқылы қызмет алуға келетiн ерекше тұлғаларға пайдасын тигiзе алатынын айтады. «Аз уақыт iшiнде бiз ым тiлiндегi амандасу, қоштасу, әрiптер, сандар сияқты негiзгi сөздерi мен терминдерiн меңгердiк. Қызмет алушыларға қандай анықтама, құжат қажет деп сұрай аламыз, мейлi ол жеке куәлiк не паспорт болсын», — дейдi Айжан.
Айта кетейiк, мемлекеттiк корпорацияда I, II, III топ мүгедектiгi бар 745 жұмыскер еңбектенедi. Жұмыспен қамту стратегиялық жоспарына сәйкес, мүгедектiгi бар қызметкерлердiң жалпы штат көлемiндегi үлесi 4% кем болмауы тиiс. III топ мүгедектiгi бар азаматтар мемлекеттiк корпорацияға еш конкурстық iрiктеусiз жұмысқа орналаса алады.