
«Азаматтарға арналған үкiмет» мемлекеттiк корпорациясы композиттi түрде көрсетiлетiн қызмет түрлерiн арттырмақ. Бұдан былай қандайда бiр мемлекеттiк қызметтi алу үшiн толтырылатын өтiнiш саны азайтылатын болады.
2020 жылы қызмет көрсету процесiн оңтайландыру үшiн 55 түрлi мемлекеттiк қызмет 21 түрлi композиттiк қызметке бiрiктiрiледi деп жоспарланып отыр.
«Мұндай қызметтердiң iшiнде жер актiсiн алу қызметi үлкен сұранысқа ие деп ойлаймын. Мәселен, қазiр бұл қызметтi алу үшiн 4 түрлi өтiнiш жазу керек. 2020 жылдан бастап, бұл актiлердiң барлығы бiрiктiрiлiп, «Сәйкестендiру құжаттарын әзiрлеу және беру» сияқты бiр қызмет арқылы қолжетiмдi болады. Бұған дейiн бiз зейнеткерлiкке байланысты төлемдердi тағайындау бойынша барлық қызметтi композит қызметiне бiрiктiргенбiз», — дейдi мемлекеттiк корпорацияның басқарма төрайымы Әсемгүл Балташева.
Айта кетейiк, зейнеткерлiк төлемдердi бiр ғана өтiнiшпен тағайындауға мүмкiндiк беретiн қызмет бiр жыл бұрын iске қосылған, содан берi композиттi түрде 99,2 зейнетақы тағайындалған. Бұған дейiн зейнет жасына жеткен азамат ХҚО-ға келiп жасына байланысты және базалық зейнетақыны төлеу бойынша 2 өтiнiш беретiн, әрi бiр айдан кейiн қайтадан мемлекеттiк кепiл төлем жасау туралы өтiнiш жазып, кейiн Бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына барып, тағы бiр өтiнiш толтыратын. Ендi осы 4 қызмет үшiн ХҚО-ға бiр-ақ рет барып, бiр ғана өтiнiш жазу жеткiлiктi.