
Бұл туралы Digital Bridge халықаралық технологиялық форумы барысында Tech Farm басқарушы серiктесi Аман Тентиев мәлiмдедi. Оның айтуынша, Қырғызстанның электронды мемлекеттiк қызметтердiң дамуын қамтитын цифрландыру бағдарламасы 2017 жылы iске қосылды, ал Қазақстандағы электрондық үкiмет қызметi 13 жылдан берi жұмыс iстеп келедi.
«Қазақстан — өңiрдегi электронды мемлекеттiк қызметтердi дамытудағы көшбасшы ел. Азаматтар онлайн тiркелiп, интернет арқылы кәсiпкерлiк аша алады. Бiлуiмше, бұл — елдерiңiзде бес-алты жыл бұрын енгiзiлген қызмет. Қазақстан бұл бағытқа қомақты инвестиция жұмсаған, сәйкесiнше нәтижесiн көрiп келедi», — дейдi Тентиев.
Сонымен қатар Тентиев танымал мэссенджерлер мен әлеуметтiк желiлер арқылы мемлекеттiк қызметтердi алу жолдарына жоғары баға бердi. «Әзiрге Қырғызстанда барлығы мемлекеттiк қызметтер порталына цифрлық қолтаңбамен кiру арқылы жүзеге асып жатыр. Болашақта бiз де Қазақстанның тәжiрибесiн ескерiп, қызметтердi әлеуметтiк желiлер арқылы көрсетудi жоспарлап отырмыз», — деп толықтырды ол.
Сарапшының пiкiрiнше, азаматтарға цифрлық қызметтердi пайдалануды үйрету көп ұзамай өз жемiсiн бередi: «Барлық адам мемлекеттiк қызметтердi жылдам әрi оңай алғысы келедi. Ешкiм де ХҚО-ға қызметтердi алу үшiн арнайы барғысы келмейдi, сондықтан телеграм боттары мен мобильдi қосымшалар сияқты қызметтердi алудың балама әдiстерi дамиды».
Еске сала кетейiк, өткен аптада Нұр Сұлтанда Digital Bridge халықаралық технологиялық форумы өткiзiлдi. Оған әр түрлi елдерден IT-шешiмдер, цифрлық технологиялар және т.б. сала сарапшылары қатысты.