28 қаңтарда халықаралық дербес деректердi қорғау күнi атап өтiледi. Датаға орай «Азаматтарға арналған үкiмет» мемлекеттiк корпорациясының төрайымы Әсемгүл Балташева ЭЦҚ кiлттi дұрыс пайдалану және оны сақтау жолдары жөнiндегi кеңестерiмен бөлiстi.
Электронды цифрлық қолтаңба — азаматтарға egov.kz, elicense.kz, enis.kz, salyk.kz сияқты электронды үкiмет порталдарын пайдалануға мүмкiндiк беретiн электронды кiлт. Жеке немесе заңды тұлғалардың барлық дербес мәлiметтерiне жол ашатын цифрлық қолтаңбаны пайдаланудың және сақтаудың өз ерекшелiктерi бар.
ЭЦҚ-ға тапсырысты pki.gov.kz сайтынан берiп, ХҚО-ға тек тұлғаны куәландыру үшiн баруға болады. Алайда көпшiлiк электронды кiлттi халыққа қызмет көрсету орталығынан алуды жөн көредi. 2019 жылы қазақстандықтар 7,8 млн. электронды кiлт рәсiмдеген, бұл 2018 жылмен салыстырғанда 1,7 млн. көп көрсеткiш. Алайда бұл, көп жағдайда, бiр адамның ЭЦҚ-ға тапсырысты бiр-ақ рет бергенiн бiлдiрмейдi дейдi Әсемгүл Балташева. «Азаматтар құжатқа электронды тапсырыс беретiн кезде немесе декларация тапсырған сәтте ғана ЭЦҚ-ны пайдаланып, кейiн оны қайда сақтағанын ұмытып, құпиясөзiн естен шығарып жатады. Сөйтiп, ЭЦҚ кiлтке қайта тапсырыс бередi. Дербес деректер базасын қолжетiмдi ететiн кiлттi құнды дүниедей сақтап, мұқият болу керек. Бiз ешқашан банк картасының пин-кодын ұмытпаймыз, ал ЭЦҚ-ның құпиясөзiн есте сақтап жаттамаймыз. ЭЦҚ-ны пайдалану мәдениетi ең алдымен азаматтардың өзi үшiн қажет», — дейдi мемлекеттiк корпорация төрайымы.
Көп жағдайда, ЭЦҚ рәсiмдеген сәтте, ХҚО мамандары бiрдей құпиясөз бекiтiп бередi, алайда қолданушы оны жеке кабинетiнде кейiн өздiгiнен жаңарта алады. Бүгiнде жеке куәлiк чипына жазылатын ЭЦҚ 3 жылға жарамды, оны пайдалану үшiн арнайы картридер қажет. Флеш-картаға жазылып берiлетiн кiлттiң жарамдылық мерзiмi — 1 жыл. Цифрлық қолтаңбаның уақыты өтпей тұрып, оны онлайн түрде pki.gov.kz сайты арқылы жаңартуға болады. Мерзiмнiң аяқталатыны туралы смс-ескертпенi алу үшiн жеке кабинетте ұялы телефон нөмiрi байланыстырылуы тиiс. «Телефон нөмiрi мен ЭЦҚ-ны сәйкестендiрген азаматтарға электронды түрде алынған қызметтер бойынша хабарламалар келiп тұрады. Ол смс-тер бөгде қызметтердiң алынбауын бақылап отыруға да мүмкiндiк бередi»,– дейдi Ә. Балташева.
Қазақстандықтар өз атында қанша электронды кiлттiң барын egov mobile қосымшасынан көрiп, керек жағдайда сол жерден оны қайтара шығаруға тапсырыс бере алады.
