
Қазақстандықтарға қолайлы болу үшiн ХҚО-ға кезектi брондау әдiстерiнiң түрi көбейтiлдi. Ендi қызмет алушылар ХҚО-ға кезектi тек egov.kz порталында немесе 1414 байланыс орталығы арқылы ғана емес, сондай-ақ eGovKzBot2.0 телеграм-ботының көмегiмен де брондай алады.
Ол үшiн қызмет алушы мобильдi азаматтар базасында тiркелуi керек және оның ұялы телефонына телеграм қосымшасы жүктелген болса болғаны. Мобильдi азаматтар базасына egov.kz электронды үкiмет порталындағы виртуалды ассистенттiң көмегiмен тiркелуге болады.
Сонымен, ХҚО-ға кезектi брондау үшiн пайдаланушы мәзiрден «ХҚО-ға кезектi брондау» қызметiн таңдайды. Ары қарай жүйе мемлекеттiк қызметтердi алуға ыңғайлы аймақты, ХҚО мекенжайын, бару мақсатын, ыңғайлы күнi мен уақытты таңдауды ұсынады.
Барлық қадамдар жасалған соң қызмет алушының ұялы телефонына оның ЖСН, таңдалған ХҚО мекенжайы, күнi мен уақыты көрсетiлген sms келедi. ХҚО-ға келген кезде осы sms-хабарламаны көрсету арқылы кезектi алдын ала брондағаныңызды растайсыз.
Айта кетейiк, қазiргi таңда eGovKzBot2.0 телеграм-боты арқылы 28 мемлекеттiк қызмет пен сервис қолжетiмдi. Олардың iшiнде кең қолданысқа ие болғандары дәрiгердi үйге шақыру, айыппұлдарды тексеру, медициналық мекемелерден алынған анықтамалар, зейнетақы аударымдары туралы анықтамалар және т. б.
Естерiңiзге сала кетейiк, коронавирус пандемиясы жағдайында және азаматтардың бiр жерге шоғырлануын болдырмау мақсатында ХҚО-лар egov.kz порталында қолжетiмсiз қағаз түрiндегi мемлекеттiк қызметтердi тек алдын ала брондау бойынша көрсетедi.
Egov.kz порталында онлайн брондау қызметi ХҚО-лар өз қызметiн қайта бастаған өңiрлер үшiн ғана жарамды.