(1940-2017)
Қантаев Есілбай Елемесұлы Солтүстік Қазақстан облысы Октябрь ауданы Социал ауылында 1940 жылдың 2 ақпанында дүниеге келген.
Еңбек жолын 1955 жылы тұрақты кеңшарда тіркемеші, тракторшы, кейін бригадир, совхоздың бөлім басқарушысы болып бастаған. Ауыл шаруашылығы өндірісін дамытуға қатысқаны үшін «Құрмет» белгісІмен марапатталған. Өзінің зеректігінің, еңбекқорлығының, жауапкершілігінің арқасында ол 1966-1971 жылдары КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты қызметін атқарды. Сол жылдары Социал ауылы Қазақстанның «Алтын кітабына» енді. Осындай өнегелі ісімен ел есінде қалған білікті ұймдастырушы жасқа – жол, үлкенге ізет көрсетіп, көпшіліктің алғысына бөленді. Әсіресе ауылдың ардагерлері оны ауыздарынан тастамай, жақсы істерін көпке үлгі ретінде айтып отырушы еді. Кантаев басқарған ұжымға «Жоғары Мәдениет ұжымы» атағы берілді. Еліміздің өркендеуіне оның сіңірген еңбегі зор. Қырық жыл бойы бел жазбай еңбек етті. Зейнетке шыққан сон олар қалаға қоныс аударды.
Еңбек ардагері, Серікбай Елемесовтың айтуынша «Саналы ғұмырын ауылда өткізген ағамыз, елдің жағдайына елеңдеп отыратын. Оның әр сөзінен ауылға деген сағыныш аңғарылатын. Жеңгеміз өмірден өткен соң, көңілін қаяу мұң басты. Қатары сиреп бара жатқан замандастарын да жиі еске алушы еді. Өмірден өтер алдында ол ауылға барды. Бұл 2017 жылдың тамыз айы болатын. Бірден Есілдің жағасына тоқтадық. Өзен жағасында ол ұзақ отырды. Кейін ата-бабаларымыз жатқан зиратқа барып, аруақтарға Құран бағыштадық. Бірер айдан кейін ол мәңгілік мекеніне аттанды. Туған жерімен үнсіз қоштасқан. Есілбай ағамның бейнесі көз алдымнан кетер емес.»
Есілбай Елемесұлы Ленин Комсомолы сыйлығының лауреаты, үш мәрте «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен, КСРО-ның алты медалімен марапатталған. 2017 жылы өмірден озды.