(1914-2001)
Бурачкова Ираида Константиновна 1914 жылы Тобольск қаласында бұрынғы Омбы губерниясында дүниеге келген, кейін отбасы Петропавл қаласына көшіп келді. Петропавл медициналық училищесін бітіріп, фельдшер болып жұмыс атқарды, содан кейін медициналық институттың 1 курсына қабылданды. Алайда институттағы оқуын жалғастыра алмады, өйткені, 1938 жылы әкесін қамауға алғаннан кейін, жас қыздың қолында ауыратын анасы мен кіші інісі қалды. Сол себепті жұмыс істеуге тура келді. Соғыс басталғасын, еріктілердің алғашқы эшелондарымен Қиыр Шығысқа жіберілді. Отан үшін қиын күндерде, жау Сталинградқа жақындаған кезде, екі мәрте Суворов II дәрежелі Қызыл Ту орденіне ие болған Қиыр Шығыста құрылған 126-шы Горловская дивизиясы Сталинградқа көмекке жіберілді. Осы дивизия құрамында медицина қызметінің лейтенанты Ираида Константиновна өзінің жауынгерлік жолынан өтті.
"Горловская дивизиясы екі рет Қызыл Ту" кітабында (авторлары И.Лысухин, С. Куковенко) дивизияның жауынгерлік жолы туралы, И. К. Бурачкованың есімі бірнеше рет айтылған. Атап айтқанда, "тек әскери фельдшер, медициналық қызмет лейтенанты И.К.Бурачкова ұрыс даласынан 22 солдат пен офицерді алып шықты" деген сөздер бар, сонымен қатар бұл кітапта: "Операция бөлімінде майор В. И. Федоров, аға лейтенанттар И. Н. Кульнев, Т. К. Глущенкова, П. Ф. Малыгина, лейтенант И. К. Бурачкова тәулік бойы жұмыс істеді" деген жазба бар. Ұрыстың қиын сәттерінде дәрігерлер санитарлар мен сарбаздарды алмастырды. Олар майдан даласынан ондаған жараланған сарбаздар мен офицерлерді шығарып, оқ-дәрілер, снарядтар алып келді, кейде өздері жаумен шайқасқа түсті. Сталинградтағы шайқастар үшін Ираида Константиновна 1943 жылы Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталды, сол жылы коммунистер қатарына қосылды. Содан кейін де коммунист Бурачкова өзінің жауынгерлік жолын жалғастырды. Әскери фельдшер өзінің 126-шы дивизиясымен Сталинградтан Висла сағасына дейін өтті. Украина мен Қырымды, Севастополь мен Кенигсбергті азат етті. Соғыстың барлық қиындықтарынан өтіп, 1947 жылы Бурачкова Молдавияға сапар шегіп, Болотин ауданының саяси бөлімінде жұмыс істеді.
Тың игеру жылдары басталғанда, Бурачкова қайтадан жаңа қиын жолды тандады. Ол партияның Орталық комитетіне коммунист ретінде тың және тыңайған жерлерді игеруге жіберуді сұрап хат жазады. 1956 жылы комсомол жолдамасы бойынша тың игерушілер эшелонымен Қазақстанға жөнелтілді. 1963 жылы Ираида Константиновна Городецкий совхозына фельдшер болып келді. Ал 1966 жылдан бастап Сергеевка аудандық ауруханасында жұмыс істей бастады. Ираида Константиновна қала мен ауданның қоғамдық өміріне белсенді қатысты. Ол тапсырылған іс үшін жоғары жауапкершілік сезімімен, адамгершілігімен және ұстанымдарымен ерекшеленді. Өмірінің соңғы жылдары Сергеевка қаласымен байланысты, ол қаланың құрметті азаматы атанды. 2001 жылдың 20 желтоқсанында қайтыс болды.