Меню

Страницы

Статья

Рухани қазына

Көптеген проблема әлемнiң қарқынды өзгерiп жатқанына қарамастан, бұқаралық сана-сезiмнiң «от басы, ошақ қасы» аясында қалуынан туындайды.

Бiр қарағанда, жер жүзiндегi миллиардтан астам адам өзiнiң туған тiлiмен қатар, кәсiби байланыс құралы ретiнде жапатармағай оқып жатқан ағылшын тiлiн бiздiң де жаппай және жедел үйренуiмiз керектiгi еш дәлелдеудi қажет етпейтiндей.

Еуропалық Одақтың 400 миллионнан астам тұрғыны ана тiлдерi — немiс, француз, испан, итальян немесе басқа да тiлдердi сыйламай ма? Әлде 100 миллиондаған қытай мен индонезиялықтар, малайлар ағылшын тiлiн ерiккеннен үйренiп жатыр ма?

Бұл — бәзбiреулердiң әншейiн қалауы емес, жаһандық әлемге еркiн кiрiгiп, жұмыс iстеудiң басты шарты.

Бiрақ, мәселе бұған да тiрелiп тұрған жоқ. Сананың ашықтығы зерденiң үш ерекшелiгiн бiлдiредi.

Бiрiншiден, ол дүйiм дүниеде, Жер шарының өзiңе қатысты аумағында және өз елiңнiң айналасында не болып жатқанын түсiнуге мүмкiндiк бередi.

Екiншiден, ол жаңа технологияның ағыны алып келетiн өзгерiстердiң бәрiне дайын болу деген сөз. Таяудағы он жылда бiздiң өмiр салтымыз: жұмыс, тұрмыс, демалыс, баспана, адами қатынас тәсiлдерi, қысқасы, барлығы түбегейлi өзгередi. Бiз бұған да дайын болуымыз керек.

Үшiншiден, бұл — өзгелердiң тәжiрибесiн алып, ең озық жетiстiктерiн бойға сiңiру мүмкiндiгi. Азиядағы екi ұлы держава — Жапония мен Қытайдың бүгiнгi келбетi — осы мүмкiндiктердi тиiмдi пайдаланудың нағыз үлгiсi.

«Өзiмдiкi ғана таңсық, өзгенiкi — қаңсық» деп керi тартпай, ашық болу, басқалардың ең озық жетiстiктерiн қабылдай бiлу, бұл — табыстың кiлтi, әрi ашық зерденiң басты көрсеткiштерiнiң бiрi.

Егер қазақстандықтар жер жүзiне үйден шықпай, терезеден телмiрiп отырып баға беретiн болса, әлемде, құрлықта, тiптi iргедегi елдерде қандай дауыл соғып жатқанын көре алмайды.

Көкжиектiң арғы жағында не болып жатқанын да бiле алмайды. Тiптi, бiрқатар ұстанымдарымызды түбегейлi қайта қарауға мәжбүрлейтiн сыртқы ықпалдардың байыбына барып, түсiне де алмай қалады.

Туған жерге, оның мәдениетi мен салт-дәстүрлерiне айрықша iңкәрлiкпен атсалысу — шынайы патриотизмнiң маңызды көрiнiстерiнiң бiрi.

Бұл кез келген халықты әншейiн бiрiге салған қауым емес, шын мәнiндегi ұлт ететiн мәдени- генетикалық кодының негiзi.

Бiздiң бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгiрген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ.

Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бiздi қорғады. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа Атамекеннiң қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас еттi.

Туған жерге деген сүйiспеншiлiк ненi бiлдiредi, жалпы, бағдарламаның мәнi неде?

Бiрiншi, бұл бiлiм беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргiзудi, экологияны жақсартуға және елдi мекендердi абаттандыруға баса мән берудi, жергiлiктi деңгейдегi тарихи ескерткiштер мен мәдени нысандарды қалпына келтiрудi көздейдi.

Патриотизмнiң ең жақсы үлгiсi орта мектепте туған жердiң тарихын оқудан көрiнiс тапса игi.

Туған жердiң әрбiр сайы мен қырқасы, тауы мен өзенi тарихтан сыр шертедi. Әрбiр жер атауының төркiнi туралы талай-талай аңыздар мен әңгiмелер бар. Әрбiр өлкенiң халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есiмдерi ел есiнде сақталған бiртуар перзенттерi бар. Осының бәрiн жас ұрпақ бiлiп өсуге тиiс.

Екiншi, басқа аймақтарға көшiп кетсе де туған жерлерiн ұмытпай, оған қамқорлық жасағысы келген кәсiпкерлердi, шенеунiктердi, зиялы қауым өкiлдерi мен жастарды ұйымдастырып, қолдау керек. Бұл — қалыпты және шынайы патриоттық сезiм, ол әркiмде болуы мүмкiн. Оған тыйым салмай, керiсiнше, ынталандыру керек.

Үшiншi, жергiлiктi билiк «Туған жер» бағдарламасын жинақылықпен және жүйелiлiкпен қолға алуға тиiс.

Бұл жұмысты өз бетiмен жiберуге болмайды, мұқият ойластырып, халыққа дұрыс түсiндiру қажет.

Туған жерiне көмек жасаған жандарды қолдап-құрметтеудiң түрлi жолдарын табу керек.

Бұл жерде де көп жұмыс бар.

Осы арқылы қалаларды көгалдандыруға, мектептердi компьютерлендiруге, жергiлiктi жоғары оқу орындарына демеушiлiк жасауға, музейлер мен галереялар қорын байыта түсуге болады.

Қысқаша айтқанда, «Туған жер» бағдарламасы жалпыұлттық патриотизмнiң нағыз өзегiне айналады.

Туған жерге деген сүйiспеншiлiк Туған елге — Қазақстанға деген патриоттық сезiмге ұласады.

Төртiншiден, жергiлiктi нысандар мен елдi мекендерге бағытталған «Туған жер» бағдарламасынан бөлек, бiз халықтың санасына одан да маңыздырақ — жалпыұлттық қасиеттi орындар ұғымын сiңiруiмiз керек.

Ол үшiн «Қазақстаның қасиеттi рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелi жерлерiнiң географиясы» жобасы керек.

Әрбiр халықтың, әрбiр өркениеттiң баршаға ортақ қасиеттi жерлерi болады, оны сол халықтың әрбiр азаматы бiледi.

Бұл — рухани дәстүрдiң басты негiздерiнiң бiрi.

Бiз — ұлан-ғайыр жерi мен аса бай рухани тарихы бар елмiз. Ұлы Даланың көз жеткiзгiсiз кең-байтақ аумағы тарихта түрлi рөл атқарған. Бiрақ, осынау рухани географиялық белдеудi мекен еткен халықтың тонның iшкi бауындай байланысы ешқашан үзiлмеген.

Бiз тарихымызда осынау көркем, рухани, қастерлi жерлерiмiздiң бiртұтас желiсiн бұрын-соңды жасаған емеспiз.

Мәселе елiмiздегi ескерткiштердi, ғимараттар мен көне қалаларды қалпына келтiруде тұрған жоқ.

Идеяның түпкi төркiнi Ұлытау төрiндегi жәдiгерлер кешенiн, Қожа Ахмет Ясауи мавзолейiн, Тараздың ежелгi ескерткiштерiн, Бекет ата кесенесiн, Алтайдағы көне қорымдар мен Жетiсудың киелi мекендерiн және басқа да жерлердi өзара сабақтастыра отырып, ұлт жадында бiртұтас кешен ретiнде орнықтыруды меңзейдi.

Мұның бәрi тұтаса келгенде халқымыздың ұлттық бiрегейлiгiнiң мызғымас негiзiн құрайды.

Дата публикации
10 ноября 2020
Дата обновления
10 ноября 2020
Тип

Сейчас читают

16 октября 2026
БЖЗҚ-дан зейнетақы жинақтарын кесте бойынша төлеу: төлем мөлшері қалай есептеледі және қайда жүгіну қажет?
09 октября 2026
Түйткілді тақырыптағы сұхбат!
Ақпарат
08 октября 2026
Тапсырысты орналастыру туралы ақпараттық хабарлама

Социальные медиа

Меню подвал

ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы