Құрметті қала тұрғындары!

Құрметті қала тұрғындары!

Бүгін мен облыс орталығы тұрғындарымен кездесу өткіздім. Жиынға облыс әкімі Айдарбек Сапаров қатысты.

Шаһарлықтарды әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерімен таныстырып, келесі жылы жүзеге асырылатын жобалармен таныстырдым. 2023 жылға жоспар өте ауқымды. Ешбір сала назарсыз қалмайды. Бұл ретте қолдау көрсеткен облыс басшылығына алғысымды білдіремін.

2023 жылы ТҮКШ саласына үлкен назар аударылмақ, әсіресе облыс орталығының жолдары ретке келтіріледі. Келесі жылы 17 көшеде, барлығы 38 шақырым жолда орташа жөндеу жұмыстары басталады. Аталған мақсатқа 4,3 млрд теңге бағытталмақ. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 10 есеге көп!

2023 жылы кабельдік желілер мен қосалқы трансформатор станциялары да жөндеуден өтеді. Жылу желілерінің қатты тозуы да ескерілді. 217 млн теңгеден аса қаржыға жылу құбырларын қалыпқа келтіру көзделіп отыр. 

Көпқабатты тұрғын үй құрылысы да жалғасын табады. Бюджет есебінен де, коммерциялық баспананы да тұрғызатын боламыз.

«Солнечный-2» кенті мен «Южный» шағын ауданындағы жер үй құрылысына арналған жер учаскелеріне де көңіл бөлінеді. Соңғысында биыл су желісі тартылып, жол салынды. Келесі жылы электр желісін тарту жоспарда бар. 

Облыс орталығын абаттандыру бойынша да жұмыстар жалғасады. 

Бұл ретте МИБ және ҚБ төрағаларының назарын аударғым келіп отыр. Аула ішінде жүргізілетін әрбір жұмысқа сіздерді және осы аула тұрғындарын тартатын боламыз. Сіздер бастан-аяқ шаруаны қадағалап, оған өз бағаларыңызды бересіздер. Егер атқарылған іске көңілдеріңіз толмаса, онда мен мердігердің жұмысын қабылдамаймын.

Шыны керек шешілмей келе жатқан бірнеше сұрақ бар. Соның бірі – жолаушы тасымалы. Бізге жолаушы тасымалдаушылар тарифті көтеру бойынша ұсыныс жасап отыр. Бірден айтарым – сұрақ ең алдымен қоғам өкілдерімен талқыланады. Қоғам өкілдері қандай шешім қабылдаса, біз де сол шешіммен келісеміз.