«Қазақстандағы балалардың құқықтары»
«Қазақстан Республикасындағы бала құқықтары туралы» Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі мәтін бойынша – Заң) кәмелетке толмағандардың негізгі құқықтары мен міндеттерін айқындайды, сондай-ақ олардың құқықтары бұзылған жағдайда, өтініш білдіру тәртібін реттейді.
Заңның 7-бабының 1-тармағы әрбір баланың денсаулығын қорғауға ажырамас құқығы бар екенін айқындайды.
Әрбір баланың туған кезінен бастап атына, әкесінің аты мен тегіне, ұлты мен азаматтығына, ал Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларда оларды сақтауға құқығы бар.
Әрбір баланың өмір сүруге, жеке бас бостандығына, қадір-қасиетіне және жеке өміріне қол сұғылмаушылыққа құқығы бар.
Әрбір баланың сөз бостандығы мен өз пікірін білдіруге, ар-ождан бостандығына, өзінің қоғамдық белсенділігін дамытуға, жасына сәйкес ақпаратты алуға және таратуға, қоғамдық бірлестіктерге, сондай-ақ коммерциялық емес ұйымдардың басқа да нысандарына және Қазақстан Республикасының заңнамасымен рұқсат етілген бейбіт жиналыстарға ерікті қатысуға құқығы бар.
Әрбiр баланың заңмен белгiленген тәртiппен және мөлшерде өз ата-анасынан және отбасының басқа да мүшелерiнен қаражат алуға құқығы бар. Балаға алименттер, жәрдемақылар және басқа да әлеуметтiк төлемдер ретiндегi тиесiлi сомалар ата-анасының (олардың орнындағы адамдардың) билiк етуiне келiп түседi және олар баланы күтiп-бағуға, оған бiлiм беруге және оны тәрбиелеуге жұмсалады.
Әрбiр баланың Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасына сәйкес тұрғын үйге құқығы бар.
Білім беру ұйымдарындағы, медициналық және басқа да ұйымдардағы, оның ішінде қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін ұйымдардағы, қорғаншылықтағы немесе қамқоршылықтағы, патронаттық тәрбиедегі жетiм бала, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала тұрғын үйге меншiк құқығын немесе тұрғын үйді пайдалану құқығын caқтайды, ал құқығы болмаған жағдайда олардың Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасына сәйкес тұрғын үй алуға құқығы бар.
Әрбiр баланың бiлiм алуға құқығы бар және Қазақстан Республикасының бiлiм туралы заңдарына сәйкес оған тегiн бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім және конкурстық негiзде тегiн техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары бiлiм алуға кепiлдiк берiледi.
Әрбiр баланың еңбек бостандығына, қызмет және кәсiп түрлерiн еркiн таңдауға құқығы бар.
Балалар он төрт жастан бастап, ата-аналарының рұқсатымен оқудан бос кезiнде денсаулығына және өсіп-жетiлуiне оңтайлы, баланың дене бiтiмiне, имандылығына және психикалық жай-күйiне зиян келтiрмейтiн қоғамдық пайдалы еңбекке қатысуға, сондай-ақ мамандық алуға құқығы бар. Бұл құқықты халықты еңбекпен қамту қызметi мен жергiлiктi мемлекеттiк басқару органдары қамтамасыз етедi.
Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, оның iшiнде жетiм балалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес толық мемлекеттiк қамсыздандырылуда болады.
Бала белгіленген мемлекеттік ең төменгі әлеуметтік стандарттарды алуға құқылы.