
Бүгiнгi таңда өңiрде мыңға жуық кәсiпкердiң жұмысы тоқтады, соның салдарынан өндiрiс көлемi, сондай-ақ жұмыс орындары қысқарды. Солтүсiк Қазақстан облысы бизнес-қоғамдастығының осы және басқа да мәселелерi өңiрлiк кеңестiң «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаевпен өткен кездесуi барысында талқыланды.
Еске салсақ, 15-18 қыркүйек аралығында «Атамекен» ҚР ҰКП басшысы Тимур Құлыбаев облыстар кәсiпкерлерi, сондай-ақ Шымкент, Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары кәсiпкерлер палаталары жанындағы өңiрлiк кеңестердiң мүшелерiмен онлайн-кездесулердi өткiздi. Ағымдағы бизнес проблемалары туралы бiрiншi болып Ақмола, Шығыс Қазақстан, Солтүстiк Қазақстан, Қарағанды, Қостанай және Павлодар облыстарының кәсiпкерлерi хабарлады.
Солтүстiк Қазақстан облысындағы экономикалық ахуал жайында Өңiрлiк кеңестiң төрағасы Олег Иванов ақпараттандырды. Атап айтқанда, бүгiнде СҚО-да жұмыс iстеп жатқан шағын және орта кәсiпкерлiктiң 29 572 субъектiсi бар. Ұйымдастырушылық-құқықтық форма туралы айтатын болсақ, осы көлемнен 5701 немесе 20%-ы заңды тұлға, 19 335 жеке кәсiпкер (65%) және 4 536 шаруа қожалығы (15%).
Осы ретте ТЖ режимiн енгiзуге дейiн Солтүстiк Қазақстан облысында 30 мыңнан астам кәсiпкерлiк субъектiсi болды, онда 104 мыңнан астам адам жұмыс iстеген. Алайда шектеулердi алып тастаған соң, 29 мың кәсiпкерлiк қызметiн қайта бастады, жұмыскерлер саны 100 мыңнан сәл асады.
«Осылайша карантиндi енгiзу салдарынан облыста 1 мыңға жуық кәсiпкерлiк субъектiсi қызметiн тоқтатты. Жұмыскерлер саны 4 мың бiрлiкке, ал өндiрiс көлемi — 15 пайызға қысқарды. Бiлiм беру саласында қызметкерлер саны азайды. Сауда саласында қысқару көлемi үлкен — 2 мыңнан астам адам қысқарды, ары қарай өнер, ойын-сауық және демалыс, қызмет көрсету саласы, — екi салада жұмыскерлер саны мың бiрлiкке қысқарды», — деп атап өттi СҚО Өңiрлiк кеңесiнiң төрағасы Олег Иванов.
Сондай-ақ спикер соңғы екi жылда солтүстiкқазақстандық кәсiпкерлердi мазалап жүрген Ресей-Қазақстан шекарасында жүктердi тасымалдау мәселесiн көтердi. Ресей шекарасындағы бекеттердiң көбiнде жүк тексеретiн сканерлер жоқ, ал сканерлер бар бекеттерде техника жиi iстен шығады. Проблема Солтүстiк Қазақстан облысы және РФ Қорған облысы арасында орын алған.
«Демек, әр көлiк құралы бойынша техникалық өткелдердi құру керек, бұл дегенiмiз тасымалданып жатқан тауар көлемiнiң 20%-ы, немесе тексеру пунктiнде тауарды тиеп/түсiру керек. Ол үшiн арнайы бригада жасақталған, олардық қызмет көрсетуi әр автомобиль үшiн 50 мың теңгеден басталады, бұл жағдайды карантиндiк iс-шаралар тiптен қиындатқан, осы бригадаларды барлық жерге бiрдей кiргiзе бермейдi, кейбiр жерлерде бригадалар тiптен жоқ. Сондықтан тасымалдаушыларға сканерi бар көршiлес бекетке баруға тура келедi (орта есеппен жол жүрiсi 700 км-ға артады). Ал бұл дегенiмiз қосымша шығын, оның салдары тауардың өзiндiк құнына әсер етедi. Осылайша, сканерлер проблемасы салдарынан бизнес қосымша шығынданады, орта есеппен — тәулiгiне 19 млн теңге, ал 5 ай iшiнде бұл сан 3 млрд теңгеге дейiн жетедi», — деп атап өттi Олег Иванов.
Осы ретте қазақстандық тараптан тексеру өткенде мұндай қиындықтар болмайды.
Бұл мәселенiң шешiмi ретiнде СҚО кәсiпкерлер Ресей Федерациясының шекара қызметiнiң мемлекеттiк шекарадан өту кезiнде технологиялық өткелдерге деген талапты алып тастауды ұсынады. Сонымен қатар тексеру кезiнде авто көлiктерге қойылатын нақты жiктеменi белгiлеп, сондай-ақ ресейлiк тараппен сканерлердi жолға қоюға қатысты келiссөздер жүргiзуде ұсынды.
Облыстың ауыл шаруашылығы өндiрушiлерi Чехия Республикасынан iрi қара малды тасымалдауға қатысты негiзсiз тыйымға қарсы шықты. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлiгiнiң Ветеринарлық бақылау комитетi 2019 жылдың маусымынан бастап Чехиядан iрi қара малын тасымалдауға тыйым салған. Тыйым салудың себебi ресейлiк Набережные Челны қаласындағы «Торговый дом КамАгро» ЖШҚ жеткiзушi фирма тарапынан Чехиядан Қазақстанға малды жеткiзуде алаяқтық әрекеттерi болды.
Алайда, кәсiпкерлердiң, палата заңгерлердiң пiкiрiнше, қолданыстағы заңнамаға сәйкес импорттаушы елден малды импорттауға тыйым салуға себеп сол елде мал ауруларына байланысты жұқпалы аурулар бойынша қолайсыз ситуацияға ғана бола алады. Яғни ресейлiк жеткiзушiнiң бiрлi-екiлi алаяқтық әрекеттерi мал тасымалына тыйым салуға себеп бола алмайды.
«Өңiрлiк палатаға осы мәселемен бес кәсiпкер — «Донецкое», «Есмағұлова», «Бақыт» шаруа қожалықтары, «АгроКомплекс Сулышок» ЖШС және «ПромВодСтрой» ЖШС көмекке жүгiнген. Олардың барлығы Чехиядан 500 бас iрi қараны алуды жоспарлаған, алайда импортқа салынған тыйым салдарынан рұқсат берiлмедi. Соның iшiнде Палатаның көмегiмен «Бақыт» шаруа қожалығы 100 бас, «АгроКомплекс Сулышок» ЖШС 100 бас малды әкеле алды. Қалған кәсiпкерлер малды логистика мен мал құны қымбат елдерден импорттауға мәжбүр. Чехияда бас iрi қара малдың бағасы 2100-2200 АҚШ долларын құраса, ал Германияда 1 бас iрi қара бағасы — 2500 АҚШ долларынан басталады. Бұл тыйымға бiр жылдан асты», — дедi «Оптимум Петро» ЖШС директоры Раиль Мендеев.
Айта кетелiк, бұл мәселенi шешу үшiн кәсiпкерлер СҚО прокуратурасына жүгiндi, прокурорлар да тыймға заңдық негiз жоқ екенiн растады. Алайда проблема облыс деңгейiнде шешiлмей отыр, сондықтан кәсiпкерлер «Атамекен» басшысы Тимур Құлыбаевтан мәселенi республикалық деңгейде шешуге көмектесудi сұрады.
Кәсiпкерлер жолаушы тасымалына қатысты мәселелердi көтердi. «Covid-19» iндетiне қатысты тыйым осы сала кәсiпкерлерiне қатты кедергi келтiрдi, автовокзалдар, автобекеттер және облыс аралық автобус қатынастарына тыйым салынды. Кәсiпкерлердiң пiкiрiнше, мұндай шара заңсыз жұмыс iстейтiн тасымалдаушылар санын арттырды. Осы ретте санитарлық нормалар мен әлеуметтiк қашықтық сақталмайды. Сондай-ақ өңiрлiк кеңес мүшелерi сатып алулар мен салықтық төлемдер мәселелерiн көтердi.
Кездесуде айтылған мәселелердiң барлығы «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаевпен назарға алынып, ары қарай шешу үшiн Үкiмет алдында қаралатын болады.
Айта кетелiк, жуық арада СҚО кәсiпкерлер палатасы өңiрлiк кеңес мүшелерiмен бiрге 29 қазанда Үкiметтiң қатысуымен өтетiн «Атамекен» Съезiнде оларды егжей-тегжейлi талқылау үшiн аймақтағы бизнестiң жүйелiк проблемаларына мониторинг жүргiзудi жалғастырады.