Ойын бизнесі, лотерея қызметі, денсаулық сақтау, мемлекеттік еңбек инспекциясы мәселелері бойынша түзетулер мәтіні жарияланды. "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Кодекске жаңа 108-1-бап қосылды: энергетикалық сусындарды тұтынудың алдын алу және шектеу энергетикалық сусындарды тұтынудың алдын алу және шектеу халықтың денсаулығын оларды тұтыну салдарларынан қорғауға және инфекциялық емес аурулардың туындауының алдын алуға бағытталған. Энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салынады: - 21 жасқа дейінгі адамдарға; - сауда автоматтары, өзге де электрондық немесе механикалық құрылғылар арқылы сатушының тікелей қатысуынсыз; - сәйкестікті бағалау (растау) туралы құжаттардың болмауынсыз. Энергетикалық сусындарды таңбалау ҚР заңнамасына, сондай-ақ ҚР ратификациялаған халықаралық шарттардың талаптарына сәйкес жүзеге асырылады. Энергетикалық сусындарды сату кезінде сатушылар сатып алушының 21 жасқа толуына күмәнданған жағдайда: - жеке басын куәландыратын құжатты көрсетуді талап етуге міндетті; - жеке басын куәландыратын құжат ұсынылмаған жағдайда энергетикалық сусындарды сатудан бас тарту. Энергетикалық сусындарды сату орындарында көрнекті жерде: "жиырма бір жасқа дейінгі адамдарға энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салынады"деген жазу орналастырылуға тиіс. Бұдан басқа, заңда құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге: - 21 жасқа дейінгі адамдарға; - құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысуға шектелген адамдарға; - Борышкерлердің бірыңғай тізіліміне енгізілген атқарушылық іс жүргізу бойынша борышкерлерге қатысуға тыйым салынады. Мемлекеттік қызметшілер, әскери қызметшілер, арнаулы және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, бюджеттік ұйымдардың басшылары да құмар ойындарға/бәс тігуге қатыса алмайды. Букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды жарнамалауға тыйым салынады. Байланыс операторларына электронды казино, интернет-казино, құмар ойындар мен бәс тігу жарнамалары бар SMS жіберуге болмайды. Толығырақ ҚРЗ-да 2024 жылғы 8 шілдедегі № 116-VIII.