2024 жылғы қаңтарда көп балалы болу бойынша мемлекеттік жәрдемақы төлемдерімен жалпы сомасы 38,1 млрд теңгеге орта есеппен 571,6 мың отбасы қамтылды, деп хабарлайды ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Осы мемлекеттік жәрдемақыға табысына қарамастан, бірге тұратын 4 және одан да көп кәмелетке толмаған балалары немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі оқу нысанындағы студенттері бар отбасылар үміткер бола алады.
Төлемдер мөлшері балалар санына қарай сараланады және 2024 жылы мыналарды құрайды:
- 4 баламен - 16,03 АЕК немесе 59 183 теңге;
- 5 баламен - 20,04 АЕК немесе 73 988 теңге;
- 6 баламен - 24,05 АЕК немесе 88 793 теңге;
- 7 баламен - 28,06 АЕК немесе 103 598 теңге;
- 8 және одан да көп баладан-4 АЕК-тен немесе әр балаға 14 768 теңгеден.
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап балалары бар отбасыларға берілетін барлық мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар 7% - ға көтерілді.
Биыл көпбалалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы төлеуге 474,8 млрд теңге қарастырылған.