2023 жылдың қорытындысы бойынша шағын қалалар мен ауылдарда орналасқан 1008 мектепте инфрақұрылымды жақсарту бойынша жұмыстар жүргізілді. Онда 360 мыңнан астам бала оқиды, деп хабарлайды ҚР Білім министрлігі.
Ауыл мектептерін жаңғырту жобасы мыналарды қамтиды: Күрделі немесе ағымдағы жөндеу, пәндік кабинеттермен жабдықтау, мектеп жиһаздарын жаңарту, кітапханаларды, асханаларды, қауіпсіздік жағдайларын жақсарту және жоғары жылдамдықты интернет жүргізу. Басты басымдық — мектептерді балалар үшін барынша жайлы және қауіпсіз орынға айналдыру.
"Жаңғырту аясында 653 мектепте күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді, 612 заманауи пәндік кабинет орнатылды. 587 мектепте жиһаз, 771 мектепте кітапхана жаңартылды, 263 мектептің асханалары жаңартылды. 715 мектепте қауіпсіздік шарттары жақсарды", - деді ҚР Білім және ғылым министрлігі инфрақұрылымды дамыту департаменті директорының орынбасары Марлен Қасенов.
Қазіргі уақытта ел мектептерінде химия, физика, биология, STEM және робототехниканың 1516 заманауи пәндік кабинеттері ашылды. Биыл тағы 1000 заманауи мектеп кабинетін ашу жоспарлануда. 2025 жылға қарай барлығы 5000 ауылдық мектепті жаңғырту жоспарлануда.