Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2024 жылдан бастап "Ұлттық қор – балаларға"жобасын іске асыру басталды. Бұл "Жаңа Қазақстан" мен экономиканың іргелі заңдылығын қалыптастыру шеңберінде ұлттық байлықты әділ бөлуге жасалған алғашқы қадам. Бұл туралы ОКҚ алаңында бюджеттік кредиттеу департаментінің, ҚР Ұлттық қорының және ҚР ҚМ Қаржы секторының мәселелері бойынша өзара іс-қимыл департаментінің директоры Айбол Арғынғазинов айтты.
Оның айтуынша, жобаның құқықтық негізі 2023 жылғы 16 қарашада қабылданған "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан балаларға қаражатты есептеу, төлеу және пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңда көрініс тапқан.
"2024 жылғы 18 қаңтарда қабылданған" нысаналы талаптарды, нысаналы жинақтар мен нысаналы жинақ төлемдерін қалыптастыру және есепке алу, сондай-ақ нысаналы талаптарды есепке алу қағидаларын бекіту туралы " ҚР Үкіметінің қаулысымен жобаны іске асыру тетіктері айқындалды. Мәселен, Ұлттық қордың соңғы 18 жылдағы орташа инвестициялық табысының мәні 695 519 269 доллар сомасында - 6 919 131 балаға біркелкі бөлінді, әрбір баланың шотына 100,52 доллар мөлшерінде нысаналы салым түсті. 304 815 бала бұл қаражатты 2024 жылы пайдалана алады", - деді спикер.
Қазіргі уақытта салалық министрліктердің бұйрықтарымен білім алу және тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін қаражатты пайдалану тәртібі айқындалған.