Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасымен (бұдан әрі – Басқарма) бірлесіп Басқарма қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізді.
Талдау нәтижелері бойынша 10 сыбайлас жемқорлық тәуекелі (кейс) анықталып, нормативтік-құқықтық және ұйымдастырушылық реттеуді жетілдіруге, процестерді цифрландыруға, қызметтің ашықтығын арттыруға және ішкі бақылау жүйесін күшейтуге бағытталған 14 ұсыным әзірленді.
Талдау барысында нормативтік және ішкі реттеу, персоналды басқару, қаржы-шаруашылық қызмет, мемлекеттік сатып алу, қызметтік іссапарлар, сыйақы беру және тәртіптік практика мәселелері, сондай-ақ ауыз сумен жабдықтау қызметтерінің құнын субсидиялау, сұйытылған мұнай газын бөлу және тұрғын үй саласындағы мемлекеттік қолдау шараларын іске асыруды қоса алғанда, Басқарма қызметінің негізгі бағыттары қамтылды.
Талдау нәтижелері бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің туындауына жағдай жасайтын жекелеген жүйелі факторлар анықталды. Атап айтқанда, кадр жұмысында, қаржылық бақылауда, жекелеген басқарушылық рәсімдерді регламенттеуде кемшіліктер, сондай-ақ жекелеген шешімдерді қабылдау кезінде дискрециялық өкілеттіктердің болуы белгіленді.
Персоналды басқару саласында лауазымдық нұсқаулықтардың тиісінше ресімделмеуі және жекелеген мемлекеттік қызметшілердің олармен танысқанын растайтын құжаттардың болмауы фактілері анықталды. Сонымен қатар, жекелеген қызметкерлердің жеке істерінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді қабылдағанын растайтын жазбаша құжаттар болмаған. Осыған байланысты кадрлық құжаттамаға ревизия жүргізу және белгіленген талаптардың сақталуына тиісті бақылауды қамтамасыз ету ұсынылды.
Қаржы-шаруашылық қызметті зерделеу барысында міндетті зейнетақы жарналарының артық аударылу фактілері анықталды, бұл алдын ала және кейінгі қаржылық бақылаудың жеткіліксіздігін көрсетеді. Анықталған бұзушылықтарды жою және тиісті төлемдерді есептеу мен аударуға бақылауды күшейту бойынша шаралар қабылдау ұсынылды.
Қызметтік іссапарларды талдау жекелеген бұйрықтарда іссапар мақсаттары нақтыланбай, «өндірістік қажеттілікке байланысты» және «қызметтік қажеттілікке байланысты» деген жалпы тұжырымдардың қолданылғанын көрсетті. Мұндай практика іссапарлардың негізділігін және бюджет қаражатын пайдалану тиімділігін бағалауды қиындатады. Осыған байланысты іссапардың нақты мақсаттары мен жоспарланған іс-шараларды міндетті түрде көрсетуді қамтамасыз ету ұсынылды.
Қызметкерлерге сыйақы беру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сыйақы төлемдері мөлшерлерінің айтарлықтай айырмашылығы, сондай-ақ жекелеген қызметкерлерге жеке тәртіппен сыйақы беру жағдайлары анықталды. Бұл ретте қызмет нәтижелерін бағалаудың бірыңғай және өлшенетін критерийлерінің болмауы шешімдерді субъективті қабылдауға жағдай жасайды. Осыған байланысты тиімділіктің нақты көрсеткіштері мен сыйақы берудің ашық критерийлерін қолдануды қамтамасыз ету ұсынылды.
Тәртіптік практикада да сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталды. Тиісті шешімдерде егжей-тегжейлі уәжді негіздемелер көрсетілмей, тәртіптік жазаларды бір айдан үш айға дейінгі мерзімде мерзімінен бұрын алып тастау жағдайлары белгіленді. Мемлекеттік қызметшінің адалдығын бағалау критерийлерінің нақты айқындалмауы кадрлық шешімдер қабылдау кезінде әртүрлі тәсілдердің қолданылуына жағдай жасайды. Осыған байланысты тәртіптік жазаларды мерзімінен бұрын алып тастау туралы шешімдерді қызметтік жұмыстың нақты нәтижелерін көрсете отырып, уәжді түрде ресімдеуді қамтамасыз ету ұсынылды.
Талдаудың елеулі бөлігі ауыз сумен жабдықтау қызметтерінің құнын субсидиялау мәселелеріне арналды. Өтінім беруден бастап тізілімдерді тексеруге және субсидияларды аударуға дейінгі процесс негізінен қолмен жүзеге асырылады, бұл адами фактордың ықпалын және анық емес деректерді пайдалану тәуекелін арттырады. Осыған байланысты субсидиялау процесін толық автоматтандыруды бастамашылық ету ұсынылды.
Сұйытылған мұнай газын бөлу тәртібін зерделеу барысында тиісті комиссия құрамында өтініш берушілер ұсынатын жекелеген мәліметтердің дұрыстығын тексеру өкілеттіктеріне ие мемлекеттік кірістер органдарының өкілдері жоқ екені анықталды. Сонымен қатар, Басқарманың ресми интернет-ресурсында комиссияның жекелеген отырыстарының бейнежазбаларын орналастырмау фактілері анықталды. Осыған байланысты уәкілетті органдардың өкілдерін комиссия құрамына енгізу мәселесін қарастыру, сондай-ақ отырыстарды міндетті түрде бейнетіркеуді және бейнежазбаларды ашық қолжетімділікте уақтылы орналастыруды қамтамасыз ету ұсынылды.
Мемлекеттік сатып алу мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Талдау нәтижелері өтпей қалған сатып алу рәсімдерінің қорытындысы бойынша бір көзден алу тәсілімен жүзеге асырылатын сатып алулар үлесінің артқанын көрсетті. Сонымен қатар, техникалық ерекшеліктерді түзету қажеттілігіне байланысты сатып алуларды тоқтату жағдайлары анықталды, бұл сатып алу құжаттамасының сапасына алдын ала бақылаудың жеткіліксіздігін көрсетеді.
Сатып алу рәсімдері барысында техникалық талаптарды қалыптастыру және кейіннен оларға түзетулер енгізу сатып алуларды негізсіз тоқтату және қайта өткізу, бастапқы шарттарды өзгерту және бәсекелестікті шектеу тәуекелдерін туындатады. Осыған байланысты техникалық ерекшеліктерді міндетті түрде алдын ала тексеруді және келісуді қамтамасыз ету, ал сатып алуларды қайта жариялау кезінде енгізілген өзгерістерді тіркеу және негіздеу ұсынылды.
Жалпы, талдау нәтижелері кадрлық және қаржылық процестерді жетілдіру, сыйақы беру мен тәртіптік практиканың ашықтығын арттыру, субсидиялау рәсімдерін одан әрі цифрландыру, сұйытылған мұнай газын бөлу кезінде ашықтықты күшейту, сондай-ақ мемлекеттік сатып алу саласындағы жоспарлау мен бақылау сапасын арттыру қажеттігін көрсетті.
Сыртқы талдау нәтижелері бойынша анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға, дискрециялық өкілеттіктерді қысқартуға, процестерді цифрландыруға, қабылданатын шешімдердің ашықтығын арттыруға және Басқарма қызметіндегі ішкі бақылау жүйесін күшейтуге бағытталған ұсынымдар әзірленді.