Демалыс кезінде оқу орындарының оқушылары мен студенттері уақытша жұмысқа орналасқысы келеді. Ол үшін олар және олардың ата аналары қолданыстағы заңнаманың кейбір талаптарын білуі тиіс.
Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы қызметкерлердің, оның ішінде он сегіз жасқа толмаған қызметкерлердің еңбегін реттеу ерекшеліктерін айқындайды.
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 31-бабы 2-тармағына сәйкесорта білім беру ұйымында негізгі орта, жалпы орта білім алған жағдайларда, он бес жасқа толған азаматтармен;оқудан бос уақытта, денсаулығына зиян келтірмейтін және оқу үдерісін бұзбайтын жұмысты орындау үшін он төрт жасқа толған оқушылармен;кинематография ұйымдарында, театрларда, театр және концерт ұйымдарында, цирктерде денсаулығына және имандылық тұрғысынан дамуына нұқсан келтірмей, шығармалар жасауға және (немесе) орындауға қатысу үшін он төрт жасқа толмаған адамдармен еңбек шарты жасалуы мүмкін.
Кәмелетке толмағандардың еңбегін түнде, ауыр жұмыстарда, денсаулығына және олардың адамгершілік дамуына зиян келтіруі мүмкін зиянды және қауіпті еңбек жағдайлары бар жұмыстарда (ойын бизнесі, түнгі ойын-сауық орындарында жұмыс істеу, алкоголь өнімдерін, темекі өнімдерін өндіру, тасымалдау және сату)қолдануға тыйым салынады.
Он төрт жасқа толған және толмаған азаматтармен еңбек шартын жасасу жұмыс оқудан бос уақытта орындалатын, олардың денсаулығы мен адамгершілік дамуына зиян келтірмейтін және оқу процесін бұзбайтын жағдайда жүзеге асырылады.
Осы ережелер 2002 жылғы 26 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланған «Балалар еңбегінің ең нашар түрлерін жоюға тыйым салу және дереу жою жөніндегі шаралар туралы» халықаралық еңбек ұйымының №182 тұжырымдамасы талаптарына сәйкес келеді.
Он алты жасқа толмаған адамдармен еңбек шартын жасасу кезінде еңбек шартына оның заңды өкілдері болып табылатын ата-анасының бірінің, қамқоршысының, қорғаншысының немесе асырап алушысының қол қоюы міндетті шарт болып табылады.
Баланың заңды өкілдеріне ата-аналар (ата-ана), бала асырап алушылар, қорғаншы немесе қамқоршы, патронат тәрбиеші және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес баланың құқықтары мен мүдделерін қорғауды, білім беруді, тәрбиелеуді, қорғауды жүзеге асыратын оларды алмастыратын басқа да адамдар жатады.
Кәмелетке толмаған қызметкерлермен жасалатын еңбек шартында жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы көзделеді. Он төрт жастан он алты жасқа дейінгі жұмыскерлер үшін жұмыс уақытының ұзақтығы аптасына 24 сағаттан аспайды, ал он алты жастан он сегіз жасқа дейінгі қызметкерлер үшін жұмыс уақытының ұзақтығы аптасына 36 сағаттан аспайды, бұл ретте он сегіз жасқа толмаған қызметкерлерді жұмыс уақытының жиынтық есебін қолдана отырып жұмысқа тартуға (үстеме жұмыс) рұқсат етілмейді.
«Қазақстан Республикасындағы бала құқықтары туралы» Заңның 16-бабына сәйкес әр баланың еңбек бостандығына, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауға құқығы бар. Он төрт жастан бастап балалар ата-аналарының рұқсаты бойынша оқудан бос уақытында баланың физикалық, адамгершілік және психикалық жай-күйіне зиян келтірмейтін, денсаулығы мен дамуы бойынша оларға қолжетімді қоғамдық пайдалы еңбекке қатысуға құқылы, сондай-ақ кәсіп алуға құқылы.
Бұл құқықты халықты жұмыспен қамту қызметі және жергілікті мемлекеттік басқару органдары қамтамасыз етеді. Баланы денсаулығына қауіп төндіретін немесе оның білім алуына кедергі болатын кез келген жұмысты орындау үшін қабылдауға немесе тартуға не оның денсаулығы мен физикалық, психикалық, рухани, моральдық және әлеуметтік дамуына нұқсан келтіруге тыйым салынады.
Кәмелетке толмағандардың еңбек құқықтарын бұзу фактісі бойынша, сондай-ақ, түсініктеме алу үшін Солтүстік Қазақстан облысының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасына Петропавл қаласы, Абай көшесі, 64мекенжай бойынша 110 кабинетке жүгіне аласыз, байланыс тел.:36-17-86, электрондық пошта: a.abdugalieva@sko.gov.kz.
Ә. Ж. Әбдіғалиева – еңбек қатынастарын бақылау бөлімінің басшысы, мемлекеттік еңбек инспекторы