Бүгін облыста денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, СҚО әкімі Гауез Нұрмұхамбетов пен Франция елшісі Дидье Канесс қатысқан телемедицина бойынша пилоттық жоба таныстырылды.
Француздық «C3Medical» компаниясымен ынтымақтастықтың арқасында өңірде Қазақстандағы алғашқы телемедицина жобасы жүзеге асты. Облыстық ересектер мен балалар ауруханаларында және шалғайдағы аудандардың медициналық ұйымдарында «Лимстар» атты 16 телемедициналық кешен орнатылды.
Бұл технологияның ерекшелігі – дәрігерлер қосылған медициналық құрылғылардың көмегімен науқасқа қашықтан тексеру жүргізіп, кеңес береді. Кардиология, гинекология, УЗИ, ЛОР, дерматология және офтальмология бағыттары қамтылады.
"Осының арқасында ауыл тұрғындары облыс орталығына бармай көмек алады, шешім қабылдау уақыты қысқара түспек және тар мамандардың қабылдауы одан сайын қолжетімді болады", - деп жазды өңір басшысы әлеуметтік желіде.