Аудан абыройын асқақтатты

Аудан абыройын асқақтатты

Маусымның 23-і мен 26-сы күндері аралығында Шал ақын ауданының Сергеевка қаласында «Қызылжар-2022»Ұлттық спорт түрлерінің ашық облыстық фестивалі өтті.

Бұл жарыста ауданымыздың спортшылары жеткен табыстарды тізбелесек, ақжарлықтар жеке де, командалық та сайыстарда өзін тек оң жағынан көрсете білді.

Сонымен, қала спорты бойынша Смағұлов Рашат, Мүсіпов Дәулетжан, Сыздықов Қайролла, Кәрібаев Ғаділжан, Жақыпов Серік секілді жігіттерден жасақталған команда облыстық ойындардың чемпионы аталды.

Ауданымыздың Ленинград және Айсары ауылдық округінің шабандоздары ынтымағы жарасып, көкпар ойынында да бүткіл бәсекелестерін артқа тастап,бірінші орынды иеленді.

Сол секілді ат жарыстың үш түрінен – ұшқыр, жорға және аламан бәйгеде 1-2 жүлделер біздің ауданымыздың еншісіне бұйырды. Мұнда аудан намысын қорғаған Сәдуақасова Қайниқамал мен Корнилов Александр сынды саңлақтарымыз болды.

Қазақ күресінен де біздің палуандарымыз ата даңқын асқақтата білді.Хамит Батырбек 100 кг салмақта чемпион болса, 66 кг салмақ дәрежесінде 2 орынды Қайрат Ернар, ал 3 жүлделерді 60 пен 90 кг салмақта

Жұмажан Егінбай мен Дайыр Асан қанжығаларына байлады.

Жекпе-жекте де біздің Магшке Әлихан мен Нұрлан Байжұманов 65 пен 85 кг санатында 2 орындармен тұғырға шықты. Сондай-ақ, Қоқаш Темірланымыз да жерлестерінен сырт қалмай, қолкүрестен 3 орынды иелене білді.

Аударыспақ жарысына келсек, мұнда 62 кг салмақ дәрежесінде Төлеубай Жалғас 3 орын, 82 кг салмақта Жанабай Рамиль және 100 кг жоғары салмақ дәрежесінде Дайыркен Ақан 2 орындарға ие болды.

 Ал Уәлиев Ағыбай, Махметов Мейрамбек, Нәсипат Бүлдіршіннен құралған ауданымыздың зияткерлік «тоғыз құмалақшылар» тобы 3 орынды қанағат тұтып, аудан абыройын асқақтатты.

Ақжар ауданының қыздар командасы да мәртебелі нәтижеге жете білді. Айсары Қамажай, Кулаковская Кристина, Қажкенова Арайлым секілді епті аруларымыз «бес тас» ойынан құрметті үшінші орынның биігінен көрінді.

Нәтижесінде, ұлттық спорттық 12 түрінен өткен бұл беделді сайыста 9-нан біздің ауданымыздың майталмандары бірінші және жүлделі орындарды иеленіп, облысымыздың 13 ауданы ішінде жалпыкомандалық 2 орынды жеңіп алды.

Міне, ауданымыздың спортшылары жоғарыда көрсетілген жетістікпен еліне абыройлы оралды.

«Қызылжар-2022» Ұлттық спорт түрлерінің ашық облыстық фестиваліне ауданымыз жете дайындықпен барғаны бірден көрініп тұр. Мұнда осы айтулы жарысқа баруғаұйымдастырушылық жасаған, спортшыларды алдын-ала жаттықтырып, жол шығыны сияқты, басқа да мәселелерді шешкен ауданымыздың дене шынықтыру және спорт бөлімі басшылығының еңбегін белгілепөтсек, артық болмас.

Болат АМРИН