
Мамырдың 12-сi күнi аудандық газеттердiң көшпелi редакциясы Ленинград ауылдық округiнде болып, ондағы жүрiп жатқан автомобиль жолдарының жөндеу барысымен танысты.
Қызылту ауылына жетелейтiн автомобиль жолының орташа жөндеу жүрiп жатқан орнына жақындай бере, бiз ондаған техниканың жұмысқа жұмылдырылғанына куә болдық. Нақтырақ тiзбелесек, 6 асфальттегiстеушi, 2 асфальтсалушы, 1 битумтасушы, 1 суқұйғыш, сыпырғы және «КУНмен» жабдықталған 2 «МТЗ» тракторы — осылардың бәрi де аталған жол бөлiгiнде жөндеумен айналысып жатты.
Бiз көргенiмiз тура өткен ғасырдың екiншi жартысындағы дәуiр құрылысы iспеттес бейнедей елестетiлдi. Мұндағы арнайы техника бiр-бiрiмен жарыса төселген асфальт үстiн тегiстеп жүрсе, алпауыт жүктасығыш машиналарасфальтсалушылардың соңына iлесе асфальтпен қамтамасыз етуде. Көзге түскенi — әр қызметкер өз жұмысын жетiк меңгергенi, сондықтан оларды айқаймен үйретудiң артық екенi анық.
«Кокшетау жолдары» ЖШС мердiгерлiк бөлiмшесiнiң шеберi Евгений Романов таңатасымен жұмыс басында жүр. Бiздi жылы iлтипатпен қарсы алып, жұмыстың қыр-сырын түсiндiре бастады.
— Жұмысты мамырдың 2-сi бастағанбыз. Ендi келiсiмшартқа сәйкес маусымның 30-ы аяқтауымыз қажет. Жөндеуге тиiс 11 шақырым жол бөлiгiн түгел қиыршық таспен тегiстеп, үстiне асфальт төсеудемiз. Бүгiнгi күнге 7 км меңгердiк. 3-4 күнде бiтiру тиiспiз. Күнiне 1000-1100 метр жолды қамтимыз. Төселген асфальт енi — 6 метр, ал қалыңдығы — 5 см. Жұмыс құрылысы белгiленген нормаларға сәйкес жүргiзiлуде, — дедi әңгiме барысында Евгений Сергеевич. Және мердiгерлiк жұмыстың ретi — техникалық қадағалаушы ұйым -«Аймереке» ЖШС инспекторы Темiржан Мәулитовтiң жiтi бақылауында.
Асфальт төселгеннен кейiн оға құм себiледi, жолдардың шетi, бетi әрленедi және жалпы т.б. шаралар жүргiзiледi.
Евгений Сергеевичтiң жұмысына сәттi күндер тiлеп, бiз, аудандық газеттердiң көшпелi редакциясының мүшелерi, тағы да бiр маңызды жұмыс жүрiп жатқан жерге — Дәуiт пен Ленинградское ауылдарының арасындағы жол жөндеу нысанына аттандық.
«Казгородок — Горьковское» облыстық маңыздағы автомобиль жолыныңбөлiгiн күрделi жөндеуден өткiзу мерзiмi 2 жылға есептелген.Тапсырыс берушi — «СҚО әкiмдiгiнiң Жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдарының басқармасы» КММ, ал мердiгер болып танылған — «Кокшетау жолдары» ЖШС.
Мұнда жұмыс 2021 жылдың шiлде айында басталып, аяқтау шаралары биылғы күзде жоспарлануда. Бөлiмше шеберi Мақсат Қапаров бiздi қарсы алып, бiрден атқарылған жұмыстың қорытынымен және бүгiнгi жұмыстармен таныстыруға кiрiстi.
Күрделi жөндеуге жататын 10,5 шақырымның 6,7 шақырымы асфальтталған және оның 2 шақырымына екi қабат асфальт салынған. Жол кең, кедiр-бұдырлар мен жарықтар көзге де, мiнген автокөлiгiмiзге бiлiнбедi. Қазiр бұл жолда жер салып, тегiстелiп жатыр. Жалпы бұл жұмысқа 2 автогрейдер, 1 экскаватор, 1 көптонналық тегiстеуiш, 1 SD59бульдозер, 2 жүкартқыш және 6 ауыр жүктасығыш тартылған.
«Казгородок — Горьковское» облыстық маңыздағы автомобиль жолының Дәуiт пен Ленинградское ауылдары арасындағы күрделi жөндеуi қарқынды пәрменмен жүрiп, мердiгер белгiленген мерзiмде нысанды тапсыруға ниеттенуде.
Тағы да, «Ауыл — ел бесiгi» мемлекеттiк бағдарламасы бойынша ауданымыздың 6 ауылында iшкi жолдардың жөндеуi күтiлуде. Сонымен, Талшық ауылдық округiнiң әкiмi Ермек Қайыржанов берген ақпаратқа сүйенсек, Талшық ауылындағы iшкi жолдарды орташа жөндеудiң жобалық құжаттары дайын. Наурыздың 9-ы күнi 214 673,7 мың тенгеге келiсiмшарт «КазСтройСервис НС» ЖШС-мен жасалды. Орташа жөндеу Абай, Кенесары, Комсомольская, Ломоносов, Мұсайбеков, С. Мұқанов, Целинная, Школьная, Энергетиктер көшелерiнде жүргiзiлмек.
Одан басқа, аталған бағдарлама бойынша жолдардың орташа жөндеуi Горьковское, Дәуiт, Ленинградское, Үлкен Қараой, Ұялы ауылдарында жоспарланып отыр.