Мамырдың 25-i күнi аудан әкiмi Қанат Қалиев Ленинград №2 орта мектебiнiң оқушыларын оқу жылының аяықталуымен құттықтады.
Аудан әкiмi Ленинград №2 орта мектебiнiң оқушыларын оқу жылының аяқталуымен құттықтау барысында Ел Президентi Қасым-Жомарт Тоқаевтың өскелең ұрпаққа жол ашу үшiн барлық жағдайды жасау қажеттiгi бойынша тапсырма бергенiн, жаңа кiрген Барыс жылын Балалар жылы деп жариялағанын ерекше жеткiздi.
Президент бұл жылды тек ұрандап немесе мереке түрiнде атап өту ғана емес, балаларды қорғау мақсатында, ең алдымен, билiк тарапынан денсаулық сақтау, бiлiм беру және әлеуметтiк қамсыздандыру саласында нақты iс-шаралар жасалуы керектiгiн қадап айтты.
Құттықтау сөзiн жалғастыра келе, ауданымыздың барлық мектептерiнде соңғы қоңырау соғылып, ұл-қыздарымыз болашақтың биiк баспалдағына қадам басқанын, алда қызықты да, жауапты жолдар бар екенiн белгiледi.
Сөз соңында аудан әкiмi Қанат Қалиев мектеп түлектерiне Ұлттық бiрыңғай тестiлеудi жақсы тапсырып, өздерiңiз қалаған оқу орнына түсiп, ел игiлiгi үшiн қызмет ететiн маман болуларына,мұғалiмдер мен ата-аналарға денсаулық, бақыт және ерекше күрделi еңбектерiне шығармашылық табыс тiлеп, мектеп ұжымына ноутбук табыс еттi.
Биылғы оқу жылын аудан бойынша 2254 оқушы аяқтады, оның iшiнде бiрiншi сыныпты тәмамдаған — 215 бала. Бүгiн аудан мектептерiнiң табалдырығынан үлкен өмiрге аяқ басқалы отырған 111 түлек үшiн мектеп қоңырауы соңғы рет соғылмақ, олардың 101-i ҰБТ-ға қатысады, соның iшiнде 7 оқушымыз «Алтын белгiге» үмiткер (Ленинград №1 ОМ — 3, Бостандық ОМ — 2, Бестерек ОМ — 1, Ұялы ОМ — 1 үмiткер).