Мәдениет туралы
Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 15 желтоқсандағы N 207 Заңы.
Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша "мұражай", "мұражайларға", "мұражайлардың" деген сөздер тиісінше "музей", "музейлерге", "музейлердің" деген сөздермен ауыстырылды - ҚР 28.10.2015 № 368-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
Осы Заң Қазақстан Республикасында мәдениетті жасау, қайта түлету, сақтау, дамыту, тарату және пайдалану саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді және мәдениет саласындағы мемлекеттік саясаттың құқықтық, экономикалық, әлеуметтік және ұйымдастырушылық негіздерін айқындайды.
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) баспа өнімі – мерзімді баспасөз басылымдары, кітаптар, брошюралар, альбомдар, плакаттар, буклеттер және өзге де полиграфиялық өнім;
1-1) басылымның міндетті тегін данасы – редакциялық-баспа өңдеуінен өткен, шығарылым деректері бар және осы Заңда айқындалатын мәдениет ұйымдарына өтеусіз негізде берілуге жататын басылым (мәтіндік, ноталық, электрондық, картографиялық, бейнелеу басылымы) данасы;
1-2) кинематографиялық ұйым – қызметінің негізгі түрлері фильм және (немесе) киношежіре шығару, фильмді прокаттау, фильмді қалпына келтіру, кинозалға техникалық қызмет көрсету, киноматериалдарды дайындау, фильм шығару жөніндегі жұмыстарды орындау және қызметтерді көрсету, кинематография саласындағы білім беру, ғылыми, зерттеу, баспа, жарнамалық-насихаттау қызметі, фильмді, фильмнің және (немесе) киношежіренің бастапқы материалдарын сақтау болып табылатын заңды тұлға;
1-3) киношежіре – уақыттың, орынның, мән-жайлардың өзіндік (көбінесе, өткен шақтағы) ерекшеліктерін көрсететін және келешекте фильм шығаруға есептелген деректі сюжеттердің түсірілімдері;
1-4) көркем құндылықтар – шығармашылық қызмет нәтижесінде жасалған мәдениет, әдебиет және өнер туындылары;
2) көтермелеудің салалық жүйесі - саланы дамытуға қосқан үлесі үшін мәдениет, әдебиет және өнер қызметкерлерін моральдық ынталандыру нысаны;
2-1) Қазақстан Республикасының баспасөз архиві (бұдан әрі – баспасөз архиві) – Қазақстан Республикасының Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының қорындағы баспа өнімінің жиынтығы;
2-2) Қазақстан Республикасының материалдық емес мәдени мұрасы – ұрпақтан ұрпаққа берілетін және материалдық емес мәдени құндылық болып табылатын салттар,