Ауылдық жерлерде нотариаттық іс-әрекеттер жасау

Ауылдық жерлерде нотариаттық іс-әрекеттер жасау

Қазақстан Республикасындағы Нотариат-нотариаттық іс-әрекеттер жасау арқылы жеке, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ететін білікті заң көмегін көрсету жөніндегі құқықтық институт.
Нотариаттық іс-әрекеттер жасауға уәкілетті аудандық маңызы бар қалалар, кенттер, ауылдар, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының лауазымды адамдары "Нотариат туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген жағдайларда және шектерде нотариаттық іс-әрекеттер жасауға құқылы.
Ауылдық жерлерде заң қызметтерінің қолжетімділігі мәселесі өте өзекті болып табылады. Мысалы, аудан орталығынан алыс тұратын азаматтар сенімхат ресімдегісі келеді, алайда нотариусқа бару мүмкіндігі жоқ.
Осы мәселені шешу мақсатында заң шығарушы "Нотариат туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 35-бабында аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімі аппаратының лауазымды адамдарының мынадай нотариаттық іс-әрекеттер түрлерін жасау мүмкіндігін бекітті:
1) өсиеттерді куәландыру;
2) сенімхаттарды куәландыру;
3) Құжаттар көшірмелерінің дұрыстығын және олардан үзінді көшірмелердің дұрыстығын куәландыру;
4) өтініштердегі қолдың түпнұсқалығын куәландыру.
Азаматтар Заңның көрсетілген нормасы елді мекенде нотариус болмаған жағдайда ғана қолданылатынын есте ұстаған жөн.
"Нотариат туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 23-бабына сәйкес аудандық маңызы бар қалалар, кенттер, ауылдар, ауылдық округтер әкімі аппаратының нотариаттық іс-әрекеттер жасауға уәкілеттік берілген лауазымды адамы Әділет департаменттерінің жанындағы аумақтық аттестаттау комиссиясында көрсетілген әрекеттерді жасау құқығын алу үшін аттестаттаудан өтеді.
Лауазымды адамға нотариаттық іс-әрекеттер жасау құқығын беру туралы шешім лауазымды адамға кезекті аттестаттау өткізілгенге дейін нотариаттық іс-әрекеттер жасауға уәкілеттік беретін жалғыз құжат болып табылады.
Сондай-ақ, ҚР Азаматтық кодексінің 167-бабының 4-тармағында лауазымды тұлғалар хат-хабарларды, оның ішінде ақшалай және сәлемдемені алуға, азаматтар мен заңды тұлғалардан жалақы мен өзге де төлемдерді алуға сенімхаттарды куәландыра алатынын атап өту қажет.
Лауазымды адамдар, сондай-ақ жеке нотариустар ресімдеген құжаттардың бірдей заңды күші болады.
Аталған лауазымды тұлғалар көзделген нотариаттық іс-әрекеттерді жасаудан бас тартқан жағдайда, сіздің ауданыңыздың Әділет басқармасына немесе тиісті облыстың әділет департаментіне жүгіну қажет.

Дата публикации
22 февраля 2024