Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2020 жылғы 30 наурыздағы № 107 бұйрығымен бекітілген Өсімдік шаруашылығы өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларына субсидия алушылар үшін қарсы міндеттемелерге қатысты өзгерістер енгізілгенін хабарлаймыз. Осы міндеттемелердің орындалуын растау үшін фермер субсидиялаудың мемлекеттік ақпараттық жүйесіне (СМАЖ) өндірілген өнім көлемі туралы деректерді енгізуі қажет. Бұдан кейін жүйеде аталған көлем нарықтық құны бойынша автоматты түрде теңгемен қайта есептеледі.
Ағымдағы жылдың 20 қаңтарына дейін Ауыл шаруашылығы министрлігі Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйене отырып, өнімнің әрбір түрінің бағасын СМАЖ-де белгілейді. Жаңа Ережелерде сондай-ақ табиғи-климаттық жағдайлардың нашарлауы және фитосанитариялық немесе эпизоотиялық қатерлер сияқты форс-мажорлық жағдайлар ескерілген. Форс-мажорды растау үшін фермер уәкілетті органнан тиісті анықтама алуы тиіс. Қарсы міндеттемелер қатарынан екі жыл бойы, форс-мажор туралы құжаттамасыз бірінші рет орындалмаған жағдайда, фермер күнтізбелік бір жыл мерзімге субсидияға өтінім беру құқығынан айырылады. Міндеттемелерді қайталап орындамаған жағдайда субсидиялауға қол жеткізу екі жылға тоқтатылады