1. Мамыр айында БЖЗҚ сайтындағы жеке кабинетiмде менiң ерiктi зейнетақы шотыма ҚДКБҚ-дан белгiлi бiр соманың түскенiн көрдiм. Осыны түсiндiрiп жiбере аласыз ба?
Биыл мамыр айында Қазақстанның депозиттерге кепiлдiк беру қоры (ҚДКБҚ) «Қазақстан Республикасының екiншi деңгейдегi банктерiнде орналастырылған депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, мәжбүрлеп таратылған және (немесе) депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру жүйесiне қатысушы, барлық банктiк операциялар жүргiзу лицензиясынан айырылған 8 банктiң («Валют-Транзит Банк» АҚ, «Қазинвестбанк» АҚ, «Delta Bank» АҚ, «Қазақстан Эксимбанкi» АҚ, «Qazaq Banki» АҚ, «Астана Банкi» АҚ, «Tengri Bank» АҚ мен «AsiaCredit Bank (АзияКредит Банк)» АҚ) салымшыларына кепiлдiк берiлген өтеуi талап етiлмеген соманы БЖЗҚ-ға аударды. Бұл қаражат БЖЗҚ-дағы ерiктi зейнетақы жарналарын (ЕЗЖ) есепке алу үшiн қолданыстағы немесе жаңадан ашылған жеке зейнетақы шоттарына есептелдi.
Бәлкiм, Сiз аталған банктердiң бiрiнiң салымшысы болған шығарсыз, мұндай жағдайда ЕЗЖ есепке алу үшiн жеке зейнетақы шотына (ЖЗШ) кепiлдiк берiлген өтеудiң талап етiлмеген сомасы басқа зейнетақы активтерi сияқты тәртiппен инвестицияланатын болады.
Сұраным жiбергенiңiзге рахмет!
2. Кәсiпкер, әрi жұмыс берушi ретiнде мен қызметкерлердiң басқа жұмысқа ауысуларына байланысты зейнетақы жарналарын есептеп, аудару кезiнде жұмыскерлердiң бүкiл тiзiмiн қайтадан жиi жаңартып отыруға мәжбүрмiн. Мұны қалай жеңiлдетуге болады?
Дәл осы мақсатта, яғни жұмыс берушiлерге қызметкерлердiң зейнетақы аударымдарын жеңiлдетiп, оңтайландыру, сондай-ақ, зейнетақы қызметтерiн ұсынуды жақсарту үшiн БЖЗҚ биыл наурыз айында өз сайтында «Заңды тұлғаның кабинетi» жаңа жобасын iске қосты.
Жаңа жоба қызметкерлердiң зейнетақы жарналарын аударуы тиiс салық агенттерi болып табылатын жұмыс берушiлерге арналған. «Заңды тұлғаның кабинетi» мiндеттi зейнетақы, мiндеттi кәсiптiк зейнетақы және ерiктi зейнетақы жарналарын төлеу бойынша төлем тапсырмаларын қалыптастыруға, редакциялауға және баспаға жiберуге мүмкiндiк бередi.
«Заңды тұлғаның кабинетi» аясында БЖЗҚ-ға төлемдердi жiберуi қажет қызметкерлердiң тiзiмiн көрiп, оны редакциялауға ыңғайлы мүмкiндiк берiлген. Бұдан басқа, төлемдер тарихында бұрын қалыптастырылған төлем тапсырмалары бойынша барлық деректердi қарауға болады.
Жаңа қызметке қолжетiмдiлiк Қазақстан Республикасының Ұлттық куәландырушы орталығы беретiн заңды тұлғаларға арналған электрондық цифрлық қолтаңба болған кезде ғана қол қою құқығы бар бiрiншi басшыға немесе қаржылық құжаттарға қол қою құқығы бар тұлғаға берiледi, яғни барлық деректер жақсы қорғалған!
Кәсiбiңiздiң тасы өрге домалай берсiн!
3. Марқұм әкемнiң шотынан 7 миллион теңге маған мұраға қалды. Бұл ақшаны зейнетке шыққанда есептелген инвестициялық табыспен бiрге пайдалану үшiн БЖЗҚ-дағы МЗЖ шотыма сала аламын ба?
Мiндеттi зейнетақы жарналары (МЗЖ) — агенттер (жұмыс берушiлер, жеке кәсiпкерлер, жеке тәжiрибемен айналысатын адамдар) мiндеттi түрде төлеуi тиiс ақша. МЗЖ есептеу нысаны қызметкердiң ай сайынғы табысы болып табылады. Ал мұраға қалдырылған зейнетақы жинақтары жұмыскердiң табысы емес. Осыған байланысты мұраға қалдырылған ақшаны МЗЖ-ны есепке алу үшiн өзiңiздiң жеке зейнетақы шотыңызға (ЖЗШ) сала алмайсыз.
Алайда, бұл қаражатты ерiктi зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) түрiнде басқа ЖЗШ-ға аударуға мүмкiндiгiңiз бар. Осы соманы жеке тұлғалар өз пайдасына және өз бастамасы бойынша төлей алады.
Осылайша, сiз мұраға алған ақшаны БЖЗҚ-ға ЕЗЖ ретiнде ғана аудара аласыз.
Сiзге ЕЗЖ шотын ашудың қажетi жоқ, өйткенi бұл қызмет ЕЗЖ аудару кезiнде жеке тұлғаның өз пайдасына немесе үшiншi тұлғаның пайдасына БЖЗҚ-ға келiп түскен алғашқы жарнаның негiзiнде жүзеге асырылады. Әрi салымшы (алушы) алғашқы жарна түскен күннен бастап ЕЗЖ есебiнен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартқа қосылған болып есептеледi.
4. Мен Украина азаматымын, өз елiмдегi соңғы жағдайларға байланысты Қазақстанға көшiп келiп, осында тұруға ықтиярхат алдым. Ендi осы жерде жұмысқа шықпақ ойым бар. Зейнетақы аударымдарын қайда және қалай жасасам болады?
Қазақстандық зейнетақы заңнамасы, дәлiрек айтқанда ҚР «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңында, егер заңдарда және халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан аумағында тұрақты тұратын шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар ел азаматтарымен зейнетақымен қамсыздандыру құқығын тең дәрежеде пайдаланады деп көзделген.
Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдардың жеке басын куәландыратын құжаты (шетелдiктер үшiн — шетелдiктiң Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты, азаматтығы жоқ адамдар үшiн — азаматтығы жоқ адамның куәлiгi) болған кезде Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандырылуға құқығы бар.
2019 жылдың басынан бастап агенттер (жұмыс берушiлер) БЖЗҚ-ға ұсынатын жеке тұлғалардың тiзiмдерi негiзiнде мiндеттi зейнетақы жарналарын (МЗЖ) есепке алу үшiн БЖЗҚ-да жеке зейнетақы шоты (ЖЗШ) автоматты түрде ашылады. Бұл тiзiмде Қазақстанда тұруға рұқсат алған адамдар да бар. Аталған жарна Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен МЗЖ аудару кезiнде әрбiр қызметкердiң пайдасына төленетiн табыстың 10% мөлшерiнде аударылады. Жеке тұлғаның бiздiң елде тұруға ықтиярхаты бар-жоғын тексеру үшiн оның дербес деректерi Жеке тұлғалардың мемлекеттiк деректер базасымен салыстырылады.
БЖЗҚ-да жеке тұлғада МЗЖ есепке алу үшiн ашылған ЖЗШ болмаған жағдайда, «Азаматтарға арналған үкiмет» Мемлекеттiк корпорациясы» КЕАҚ-тан келiп түскен МЗЖ бастапқы сомасының негiзiнде ЖЗШ ашылады. Бұл жарнаны агент БЖЗҚ-ға жеке тұлғаның электрондық төлем тапсырмасында көрсетiлген деректемелерiне аударады. Осыған байланысты БЖЗҚ-да МЗЖ есепке алу үшiн ЖЗШ ашу үшiн қандай да бiр өтiнiш беру талап етiлмейдi.
5. Мен зейнет жасына жеткенiмде және ай сайынғы зейнетақы төлемдерi тағайындалғаннан кейiн менiң жинақтарымды инвестициялау жалғастырыла бере ме, соны бiлсем деп едiм?
Сiздiң жеке зейнетақы шотыңызға келiп түскен барлық ақша, оның iшiнде МЗЖ, МКЗЖ, ЕЗЖ, сондай-ақ, сiз зейнет жасына толғаннан кейiн оларға есептелген инвестициялық табыс, өсiмпұл және өзге де түсiмдер бұрынғысынша зейнетақы активтерiнiң бөлiгi болып табылады және ҚР «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңына сәйкес, ҚР Ұлттық Банкi тарапынан инвестициялана беретiн болады.
БЖЗҚ зейнетақы активтерiн инвестициялық басқару және олар орналастырылған қаржы құралдары туралы толық ақпаратты enpf.kz ресми сайтындағы «Көрсеткiштер/инвестициялық қызмет» бөлiмiнен ай сайын көре аласыздар.