
Құрметті шымкенттіктер, 14 қараша күні Шымкент қаласының әкімдігіне «Су ресурстары – маркетинг» ЖШС-ін мемлекет меншігіне қайтару туралы петиция келіп түсті. Бұл мәселе қоғамда көптен бері кеңінен талқыланып келе жатыр. Және бұл түсінікті де, өйткені мәселе стратегиялық маңызды объект туралы болып отыр.
Петицияны талқылауға онлайн-форматта 30 мыңға жуық адам, офлайн форматта - 300-ге жуық адам қатысты. Бұл тағы да мәселенің маңыздылығын көрсетеді.
Тұрғындардың көпшілігі петиция авторын және су арнасын қайтаруды қолдайды. Негізгі аргументтердің бірі - мұндай стратегиялық маңызды нысанның жекенің қолында болуы мемлекетті бір адамның алдында осал етеді.
Әкімдік петицияның уәждерімен келісті, алайда бұл мәселе мемлекеттік органның құзыретіне кірмейтіндіктен, соңғы сөз – сотта. Бұл туралы петиция авторына да хабарланды. Иә, әкімдіктің ұстанымы өзгеріссіз - стратегиялық маңызды нысандар мемлекетке тиесілі болуы тиіс.