ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ЖЕЛІЛЕРІ ТАРТЫЛЫП, АУЛАЛАР АБАТТАНДЫРЫЛЫП ЖАТЫР

ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ЖЕЛІЛЕРІ ТАРТЫЛЫП, АУЛАЛАР АБАТТАНДЫРЫЛЫП ЖАТЫР
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов бүгін "Тұран-2" шағынауданы мен "Бозарық" елдімекеніндегі көпқабатты тұрғын үйлердің инженерлік-инфрақұрылым жүргізу жұмыстарын бақылап қайтты.
 
Қазір "Тұран-2"-де 1 112 пәтерлі 18 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Былтыр осы аумаққа жылу, су, кәріз және электр жүйесі тартылған болатын. Бүгінде ішкі орамдағы жерлерді тегістеу, абаттандыру, аяқжол салу жұмыстары қолға алынып, асфальт төселіп жатыр.
Сонымен қатар, шағынауданның 25, 26 орамдарына инженерлік инфрақұрылым желілері тартылуда. Нысандарды жыл соңына дейін толық қолданысқа беру жоспарланған.
 
Ал "Бозарықта" мемлекеттік бюджет есебінен 49 тұрғын үй бой көтерген. Алдағы уақытта аталған аумақта 9 инженерлік инфрақұрылым нысанының құрылысын жүргізу жоспарланып отыр. Мұрат Дүйсенбекұлы шағынауданның даму жоспарына сәйкес атқарылған жұмыстарды қадағалап, мердігер мекемелердің жұмыс кестесін де назарға алды.
 
– График бекітілген, талап бар! Әкімдік тарапынан уақытылы қаражат жіберу жағы шешілген. Тек өздеріңіз қол қойған кестеге сай жұмыс істеу керек! – деген қала әкімі басқарма басшыларына тұрғындарды баспанамен қамту мақсатындағы жұмыстарды сапалы, әрі жұмыс кестесіне сәйкес аяқтауды тапсырды.