Шымкент қаласының бас жоспары қала тұрғындарының назарына ұсынылды. Бір ай бойы кез келген шымкенттік тұрғын бас жоспармен танысып, өзінің ұсыныс-тілегін қалдыра алады. Қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов арнайы өткен жиналыста осылай деп мәлімдеді.
Қала әкімі орынбасарының сөзінше, Шымкенттің бас жоспарын әзірлеуге «Градкомплекс» ЖШС-мен келісімшарт түзілген. Мердігер мекеменің тәжірибесі мол, Қазақстанның көптеген қаласының жоспарын жасауға үлес қосқан. Компанияның шақыруымен Шымкентке Киев, Минск, Санкт-Петербург қалаларынан білікті мамандар келіп, кеңестерімен бөліскен.
Қазіргі таңда бас жоспардың 1-кезеңінің жұмыстары бітті. Бір ай бойы жүретін қоғамдық талқылаудан соң мамандар ұсыныс-талаптарды ескеріп, маңыздысын жоспарға енгізіп, жыл соңына дейін Шымкент қаласының жаңа бас жоспары жасақталады. Концептуалдық тұжырымдама негізінде әзірленген бас жоспар ҚР Премьер-Министрінің келісімінен кейін, ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітіледі.