Шымкентте өткен жылы қаладағы кәсіпорындармен 785,4 млрд. теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілді. Оның ішінде өнеркәсіп саласында үлесі 87,2 пайызды құрайтын өңдеу өнеркәсібінде 679,1 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, 5,0 пайызға өсті. Бұл жөнінде кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Біржан Әзімбердиев akimat_shymkent инстаграм парақшасында өткен тікелей эфирде айтты.
Сонымен бірге сала маманы мұнай өңдеу өнімдерін өндіру 7,8 пайызға, жеңіл өнеркәсіп 2,7 пайызға, сусындар өндіру 13,1 пайызға, химия өнеркәсібіндегі өнім көлемі 1,9 пайызға, дайын металл бұйымдарын өндіру 28,2 пайызға, машина жасау 42,8 пайызға, қағаз өндіру 13 пайызға артқанын атап өтті.