ЕРЛАН АЙТАХАНОВ: "ШЫМКЕНТТЕ ХАЛЫҚ ТҰТЫНАТЫН ТАУАРЛАР ӨНДІРІСІН ҰЛҒАЙТУ ҚАЖЕТ"

ЕРЛАН АЙТАХАНОВ: "ШЫМКЕНТТЕ ХАЛЫҚ ТҰТЫНАТЫН ТАУАРЛАР ӨНДІРІСІН ҰЛҒАЙТУ ҚАЖЕТ"

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов қаладағы «Оңтүстік» және «Тассай» индустриялды аймақтары мен «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймақтың жұмысымен танысып, онда орналасқан бірқатар өндіріс ошақтарында болды. Сонымен қатар, жаңадан құрылып жатқан «Жұлдыз» және «Агро-индустриалды» аймақтардың алдағы даму жоспарын талқылады.
Аймақтардың жұмысымен танысу барысында қала әкімі алдағы уақытта қосымша инвестиция тарту, тың жобаларды игеру және осында қолға алынған жобалар мен «қарапайым заттар экономикасын» дамыту жайына ерекше тоқталды.
Қазіргі уақытта Шымкент қаласында сәтті жұмыс істеп келе жатқан «Оңтүстік» және «Тассай» индустриялды аймақтарында 114,6 млрд. теңге болатын 121 жоба жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда 121 жобаның 67 жобасы іске асырылып, 4,5 мың жұмыс орны құрылған. Ал, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында бүгінгі күнге инвестициялық сомасы 29,5 млрд. теңгені құрайтын жалпы 13 жоба іске асырылған. Нәтижесінде 1560 жаңа жұмыс орны ашылған.
Өнеркәсіптік өндіріс көлемін арттыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысу мақсатында Ерлан Айтаханов индустриялық-инновциялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында іске қосылған бүгінде өнімдерін экспортқа шығарып отырған бірқатар кәсіпорындарға барды. 

Оның бірі «Тассай» ИА-ғы «Asia Trafo» зауыты. Сипаттамасы жөнінен бірегей болып танылған трансформатор зауыты 12 гектар жерге орналасқан. Зауыт - кернеуі 110кВ-дан 500кВ-ға дейінгі трансформатор шығаратын Орталық Азиядағы бірден-бір өндіріс орны болып табылады. Кәсіпорын Қазақстандағы электротехникалық қондырғы шығаратын «Alageum Electric» құрамына жатады. Зауыттың жұмысына оң бағасын берген Ерлан Қуанышұлы қаладағы осы сынды жүйе құрушы кәсіпорындар – ел экономикасының негізі екенін айтып, өңірде өнеркәсіптік секторды дамыту мәселесі басты назарда екенін атап өтті.

Сонымен қатар, әкім ел нарығында минералды сулар мен шырындар шығару жұмыстарымен танылған «Рауан» ЖШС-нің еншілес компанияларының жұмысымен танысты. Аталған компаниялар тобы 1998 жылы құрылып, Қазақстан нарығында 18 жылдан астам уақыттан бері еңбек етіп келеді. Бүгінде өңірімізде сусындар мен минералды сулар шығаратын үш ірі жоғары технологиялы зауыты бар серіктестікте жылына 50 млн. дана дайын  өнім шығарылады.
Сапар соңында қала әкімі халық тұтынатын тауарлар өндірісін ұлғайту бойынша жұмыстарды күшейтуді, оның ішінде шығарылатын өнім көлемі мен құнына баса назар аударуды тапсырды.  

 

 

Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі.