Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов «Көкбұлақ» елдімекенінің тұрғындарымен кездесті. Шаhар басшысы тұрғындардың мәселелерін тыңдап, сауалдарға жауап берді.
Осыдан бір апта бұрын, қала әкімінің онлайн қабылдауында, Мейрамкүл Әбілдақызы шаhар басшысын Көкбұлаққа шақырған болатын. Қала әкімі осы мақсатта тұрғындармен кездесуге арнайы барды.
М.Әйтенов алдымен елдімекендегі интернет желісімен қамту жұмыстарына тоқталып өтті.
– Жоғары жылдамдықты интернетпен қамту жалпы қала бойынша күрделі мәселе. Тұрғын алапта өзіміздің қаражатпен мердігер мекеме арқылы байланыс операторы базалық станциясын орнаттық. Енді бірқатар құрылғыларын шетелден алып келу керек. Сол мәселе біраз қиындық тудыруда. Соны алып келгеннен кейін мәселе шешіледі. Инвесторлармен осы мәселені жыл аяғына дейін шешу бойынша келісімшарт жасағанбыз. Сабыр етіңіздер. 20 желтоқсанға дейін орнатуға уәде беріліп отыр. Бұл мәселе біздің бақылауымызда – деді қала әкімі.
«Көкбұлақ» сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілген. Инфрақұрылым жүйелері кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Көкбұлақтың екі көшесіне асфальт төселді. Автобус қатынауда.
Тұрғындар кездесуде асфальт, аяқжол салу мәселесін көтерді. Мәдениет үйін ретке келтіру де уақыт күттірмейді. Сондай-ақ, тұрғындар елдімекенге инвестор тартып, жұмыспен қамту мәселесін шешуді сұрады.
– Шалғайдағы елдімекен тұрғындарын жұмыспен қамту – біздің басым бағыттарымыздың бірі. Бұл бағытта бағдарлама дайындалуда. Ең маңыздысы, инвестор тарту. Қазіргі уақытта алма бау, жүзімдік егу бойынша бірқатар ұсыныстар бар. Жалпы елдімекенге инвестор әкелу оңай емес. Бұл ретте, алдымен инфрақұрылым жүйелерін шешу керек. Инвестор тарту мәселесін зерделеуге үш ай уақыт беріңіздер. Инвестордың әрбір ұсынысы бойынша өздеріңізбен ақылдасып отырамыз. Тұрғындардың қай салаға маманданғанын да зерделеуіміз керек. Үш айдан кейін өздеріңізбен қайта жүздесіп, нақты шешім шығарамыз, – деді қала әкімі.
Сонымен қатар, тұрғындар егістікті суғару, су жеткізу мәселесін алға тартты. Қала әкімінің айтуынша, бұл бағытта табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу, ауылшаруашылығы және ветеринария басқармасына тапсырма берілген. Қазір зерделеу жұмыстары қолға алынған. Жалпы қаладағы он бір су арнасын әлі де зерделеу керек. Шаһар басшысы Бадамның өзін ретке келтіру керек екенін, одан кейін тамшылатып суғару технологиясын да үйрену қажеттігін мәлімдеді. Жаңа технологияны үйрену – заман талабы. Қала әкімі бұл технологияны іс жүзінде сынап көру қолға алынатынын жеткізді.
Мұрат Дүйсенбекұлы мектептің ауласына спорт алаңы, саябақ салуға келесі жылға қаражат бөлінетін мәлімдеді. Жобалық-сметалық құжаттамасы дайын. Ал электр қуатымен қамту өз ретімен шешілетінін хабардар етті.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі